Қазақстанда 2019 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күні болып бекітілді. Яғни бүгін халықтың әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар тарататын тілшілер қауымы кәсіби мерекесін атап өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Журналистика – БАҚ құралдарының (интернет, баспа, радио, телевидение, сайт) көмегімен ақпаратты жинау, өңдеу және тарату жұмысы. Журналистиканың ғылыми тәртібі баспаның дүниеге келуімен тікелей жолға қойылған. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында фото мен киножурналистика өмірге келіп, салаға тың тыныс әкелді. Ізінше 1920-1940 жылдары радио мен тележурналистиканың дәуірі басталды. Әлемдегі зерттеушілердің бір шоғыры журналистиканың екі бағыты барын айтады. Олар: зерттеу журналистикасы мен тергеу журналистикасы. Яғни зерттеуші журналист әдетте ашық ақпарат көздерімен, ал тергеуші журналист жабық мәлімет көздерімен жұмыс істейді. Тиісінше осы екі амалдың жұмыс әдістемесі де екі түрлі.
Зерттеулерге қарағанда, біздің дәуірімізге дейін 59 жылы газеттің алғашқы нұсқасы Римде пайда болған. Цезарьдың бұйрығымен топырақты тақтада «Сенат пен Рим халқының күнделікті хаттамасы» («Acta diurna senatus ас populi») басылып шығып тұрған. Кейін ақпарат таратудың осы амалы екіге бөлінеді. Атап айтқанда «Acta senatus» жиындардағы, сенаттағы жаңалықтардан хабар берсе, базарлар мен алаңдарда ілінетін «Acta diurna populi romani»-да қаланың күнделікті жаңалықтары басылып тұрған. Бұл «газеттерден» көшірме таралғандықтан сол тұстың өзінде тираждың жолға қойылғанын аңғаруға болады. «Acta diurna» үшін мәлімет жинайтын адамдарды ол дәуірде «диурналист» дейді екен. Міне «журналист» сөзінің түбірі осыдан шыққан.
Ал біздің тарихшылар жалпы қазақ даласында журналистиканың негізі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қаланғанын айтады. «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета», «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы, «Серке» газеті... Жалпыұлттық сипат пен сұранысқа ие болған «Қазақ» газеті жарыққа шыққанға дейін аталған басылымның барлығы бірде үкімет қысымымен, бірде қаржы тапшылығынан жабылып жатты. «Қазақ журналистикасының атасы» атанған Мұхаметжан Сералиндер де сол тұста еңбек еткенін атап өту керек.
ХХ ғасырдың басындағы басылымдардың ішінде Алаш зиялылары шығарған ұлттық идеяның шырақшысы, азаттық рухының қоңырауы атанған «Қазақ» газетінің шоқтығы биік. 1905 жылғы «Қарқаралы петициясында» қойған талаптардың бірі (петицияның 3 тарауы) - «қазақ тілінде газеттер басып шығару қажеттігі» болатын. Алаш азаматтарының мақсаты орындалып, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің 265 нөмірі жарыққа шықты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Қазақ» газетінің таралымы алғашында 3 мың дана болса, кейіннен ол 8 мың данаға жетіп, ұлттық миссияны орындауға өлшеусіз еңбек сіңірді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихына келер болсақ, елімізде 1991 жылдың 28 маусымында Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң қабылданғанын атап өту керек. Бұл заң ел ішіндегі тілшілер қауымының жұмысына тың серпін беріп, баспасөз саласында мемлекеттік БАҚ-пен қатар, жекеменшік басылымдар пайда бола бастаған кез. Ал 2011 жылдан былтырға дейін аталып өткен журналистер күнін белгілеу алдында тілшілер қауымының арасында біршама пікірталас туындаған. Бір топ қазақ даласында сонау бір ғасырдан астам уақыт бұрын мамыр айында жарық көрген «Түркістан уәлаяты» газетінің шығу төркіні құрметіне орай, тілшілер мерекесін мамыр айында белгілеуді сұраса, енді бірі журналистер күнін «Қазақ» газетінің тарихына икемдеуді ұсынған.
2011 жылы шыққан Тұңғыш Президенттің №164 Жарлығы бұл пікірталастардың бәріне нүкте қойса, 2019 жылы Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтетін болды. Оның алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі таңда журналистердің жұмысына да бірқатар өзгеріс енгізіліп жатыр. Баспасөз мәслихаттарының көбі бүгінгі күні онлайн режимге өткендіктен, газет пен интернет журналистика саласындағы тілшілердің көбі қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіп кеткен. Бүгінгі мерекеге орай еліміздегі тілшілер қауымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева құттықтап, Мемлекет басшысы БАҚ саласындағы сыйлықтарды беру туралы Жарлыққа қол қойды. Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттары тапсырылды.