Қазақстанда биылғы жылдың басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы түрінде 402 млрд теңге төленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, 2022 жылғы қарашада мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 28,5 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 9,3 млрд теңге бөлінді.
2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 54 062 теңгені, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар – 50 368 теңгені құрады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға ұлғайтылады.