Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында «1920-1950 жылдарда Қазақстанда орын алған саяси-қуғын сүргін – қайта оралған есімдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен жиында саяси репрессия құрбандарын ақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Шараға қалалық, республикалық комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері мен ғалымдар қатысты.
«Сөйлеген азаматтар архивтен анықталып жатқан, бұрын беймәлім құпия деректердің бар екенін айтып жатыр. Енді олар соны қалай жариялаймыз, соны қалай ғылыми айналымға қосамыз деген сұрақ төңірегінде ізденіп жатыр. Демек, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы құрбандарды толық ақтау керек деген тапсырма бергені, бұл енді көрегендік те, қажеттілік те және болашаққа жұмыс істейтін үлкен фактор деп есептеймін», – деді ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелге «Алаш Орданың» көрнекті қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы - Шейх-Али Даулет Мұхамеджанұлы қатысты. 1997 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланғанын атап өтіп, естелігімен бөлісті.
«Ол Уфаға Қандыағаш-Гурьев құрылысынан бір рет келді. Кейін оның түрмеге түскені туралы хабар жетеді. Олар өте құпия түрде хабарлады. Артынан Мұхамеджан Тынышпаев қайтыс болды деген қаралы хабар келді. Ол Ташкент қаласында репрессияға ұшыраған еді. Әкемнің жарқын, ойлы жүзі менің мәңгі жадымда», – деді Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Шейх-Али Дәулет.