Алматыда карантин шараларын бұзу фактілері әлі де жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мониторингтік топ 2020 жылдың 8 қазанынан ағымдағы жылдың 2 қаңтарына дейін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен шектеу іс-шараларын сақтамағаны үшін жалпы сомасы 107 млн теңгеден астам сомаға 997 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасады. 17 материал сотқа берілді, бірқатар кәсіпкерлерге 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды және олардың қызметі 1, 3 айға тоқтатылды.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде бизнес-қоғамдастықты санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.
«Кәсіпкерлік нысандарына 7000-ға жуық тексеру жүргізілді, нысандардың бір бөлігі санитарлық нормаларды бұзған. Біз алдын алу шараларына көбірек көңіл бөлеміз. Соңғы екі айда Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерімен белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз кәсіпкерлердің жекелеген топтарына заңнаманы түсіндіру үшін тікелей эфирлерді ұйымдастырамыз. Өнеркәсіптік ұйымдармен, қоғамдық тамақтану ұйымдарымен, сауда орталықтарымен, сауда-ойын-сауық дүкендерімен, супермаркеттермен және т. б. осындай кездесулер өткізілді. Яғни, шектеулерге ұшыраған әрбір топпен біз белгілі бір жұмыс жүргіземіз», – деп атап өтті ол.
Айтуар Қошмамбетов қаланың бас санитар дәрігерімен жедел байланыс орнатылғанын атап өтті.
«Бас санитар дәрігердің қаулысының жобалары тек жоба сатысында болған кезде, біз осы шектеулер мен жеңілдіктерге қатысты бизнес салаларымен тез талқылауды ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, мониторингтік топтардан басқа біз санитарлық қорғау саласындағы қолданыстағы заңнаманы түсіндіру бойынша арнайы топ құрғанымызды ерекше атап өткім келеді. Оған біздің 12 маманымыз кірді, 300-ден астам ірі сауда және өнеркәсіп нысандарын аралап шықтық және әрқайсысымен айыппұлдардың болмауы үшін қандай нормаларды сақтау керектігін түсіндіру жұмыстарын жүргіздік», – деді.
Сонымен қатар, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы қала кәсіпкерлерін коронавирустық инфекция бойынша тұрақты жағдайды сақтау мақсатында қолданыстағы нормаларды толық сақтауға шақырды.
«Қазір біз бизнесті барлық нормаларды сақтауға шақырамыз. Бұрын айтып өткеніміздей, бізде қаңтар айынан бастап пилоттық жоба жоспарлануда - жабық қалған 9 сала қызметінің барлық түрлері пайдалануға берілмек және олар үшін алгоритмдер жеке әзірленетін болады. Барлығы мемлекет пен бизнес арасындағы адалдық пен сенім қағидаттарына негізделетін болады. Сондықтан біз қолданыстағы нормаларды толығымен сақтауға шақырамыз және біз тиісті келісімдер аясында барлық қызмет түрлерін біртіндеп іске қосамыз», – деді ол бизнеске.
Егер санитарлық шаралар дұрыс сақталса, кәсіпкерлерге айыппұл салынбай, олардың жұмысын тоқтатылмайтынын да айтты.
Естеріңізге сала кетсек, қазіргі уақытта Алматыда коронавируспен ауырған адамдар 18847 адамды құрайды, оның ішінде 17309 адам сауығып, 389 адам қайтыс болды.