|
11.02.2021 | 19:17
7947

Бейіт басындағы бассыздық: Шымкенттік шырақшының қандай қатысы бар

Қабірі қорланғандардың туған-туыстары полицияға арыз жазды

Бейіт басындағы бассыздық: Шымкенттік шырақшының қандай қатысы бар otyrar.kz

Бейіт басындағы бассыздық! Шымкентте зираттардың бірінде жерленген адамдардың басына қойылған көк тастағы суреттерді белгісіз біреулер қашап өшіріп тастаған. Бақилық болған туған-туыстарының басына құран бағыштауға келген жандар орын алған жағдайды мүлдем түсіне алмай дал. Толығырақ аймақтағы  Almaty.tv тілшісі айтып берсін.

Шымкенттік тұрғын Нурия Габдулина туған-туысқандары жерленген қабірге келіп жағамды ұстадым дейді. Себебі бақилық болған жақындарының басына келіп құран бағыштамақ болғанда, орнатылған көк тастағы суреттерді біреулер қашап өшіріп кеткенін байқаған. Болған жағдайды мүлдем түсіне алмаған тұрғын полицейлерге арызданған.  

«Мен өзім екі ай бойы коронавируспен ауырып, айығып шыққаннан соң бейіттің басына келген болатынмын. Бұл жерде менің 5 туысқаным жерленген. Барлығының ескерткішіндегі суреттерді өшіріп кеткен. Кім істегенін мүлдем түсінбеймін», – деді қала тұрғыны Нүрия Ғабдулина.

Ал, имамдар болса дәл осындай келеңсіз жағдайдың былтыр да орын алғанын айтады. Сол кезде зират басындағы шырақшы мен арызданушылар ортақ келісімге келген екен.  Абдурахман мешіті бас имамының айтуынша, бұл іске шырақшының қатысы бар көрінеді. Ал, 32 жыл адам жерлеумен айналысып келе жатқан шырақшы болса, көк тастарға сурет салуға қарсымын дейді. Себебі уағыздарда да бұл туралы егжей-тегжейлі айтылған деп отыр. Сондықтан ескерткіш беттеріндегі суреттерді көпшілікпен қашап өшірген екен. Алайда жеме-жемге келгенде жанындағы адамдар тымтырақай қашып кетіпті-міс. Ол бүлінген ескерткіштердің бірнешеуін қалпына келтіріп те берген.  

«Ит бар жерге періште келмейді. Біз қылған яқшылығымыз болады білсә егер. Қанша құран оқыса да сауабы бармайды. Бұл уағыздарда айтылады. Біз көпшілікпен шешіп, мазаратты тазалағанбыз. Қазір 5 гектар мазарат ашылған, ана жақта бір сурет қойдырған жоқпыз. Мен бұл нәрселер туралы жауап беріп шыққам милицияға», – деді шырақшы Юлдашбай Расұлметов.

Жалпы ислам дінінде қайтыс болған адамдардың басына суретті бейнелеген ескерткіш орнату дұрыс емес дейді дін саласының қызметкерлері. Алайда білместіктен көк тас қоятын болса, оны бүлдірмеу керек деген пікірде.

«Бір кісілер сурет салып қойған жағдайда, мысал үшін, білмеген немесе сол кездерде мән бермей салып қойған ескерткіштер болса, оған құрметпен қаралады. Себебі біреудің нәрсесіне араласу шариғаттың талабы емес», – деді  «Абдурахман» мешітінің бас имамы Назірхан Ташходжаев.

Бейіттің басындағы бұл жағдайды жергілікті полицейлер өз назарына алыпты. Қазіргі таңда қылмыстық кодекстің «өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир