«Біз біртүрлі уақытта өмір сүріп жатырмыз. Соғыс жаңа кеңістікке көшті. БАҚ ұрыс алаңына айналды және бұл жаңа қақтығыста жақсы мен жаманды ажыратып алу қиын. Кімнің мейірімді және кімнің қатыгез екенін түсіну де күрделі. Сол үшін арнаны ауыстыру керек. Себебі қарсыластар орындарын жиі алмастырып жатыр». Француз публицисі Фредерик Бегбедердің бұл пікірімен келіспеуге болмайды. Себебі ХХІ ғасыр ақпараттың шекара таңдамайтынын, адамзаттың күн санап «құбылып», әлемдік прогрестің бір орында тұрмайтынын сәт сайын сезіндіріп жүр.
«Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Мемлекет басшысы тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екенін айтқан еді. Осыған орай Президент мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысы мен медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырған болатын. Алайда бүгінгі БАҚ «тәуелсіздік» дегенді қалай түсініп жүр? Журналистердің жауапкершілігі немен өлшенеді? Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру үшін не қажет? Қазіргі медиаконтентті кімдер жасап жүр? Жалпы, Жаңа Қазақстанның журналистикасы қандай болуы керек? Біз қоғамның көкейінде жүрген осы сұрақтарды отандық медиасаланың бірнеше сарапшысына қойған едік.
«Бұқарада таңдау бар»
Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,
журналист, PhD докторы:
– Жаңа Қазақстанның журналистикасы соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы сірескен «ескі қамытты» тастауы керек. Ол демократиялық принциптерге сүйенген, еркін, ашық, тәуелсіз, сыни журналистика болып қайта түлеуге тиіс деп санаймын. Халық әртүрлі өсек-аяң, сенімсіз ақпаратқа құрылған блогерлердің немесе псевдотілшілердің емес, кәсіби журналистердің дәйекті, деректі, шынайы ақпаратына жүгінетіндей жағдай жасалса деп армандаймын. Сонда гипоксияда тұрған журналистикамыздың тынысы ашылып, төртінші билік деген мәртебесін алар еді. Бұл түптеп келгенде қоғам дамуы үшін өте маңызды.
Кешегі қаңтар қырғыны кезінде ресми ақпарат таратады деп келген құзыретті органдардың бір күнде бір-біріне қарама қайшы түрлі мәліметті оңды-солды таратқанының куәсі болдық. Әсіресе ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік қызметінің ішінде қатты тартыс, кикілжің болғанын таратқан ақпараттарынан, бір-бірінің сөзін жоққа шығаруынан-ақ аңғардық. Бір жұтым суға зәру болғандай, жібі түзу ақпаратқа сусаған елді көрдік. Содан ресми ақпарат көзіне деген халықтың сенімі қайдан артсын?! Қайта олардан көңілі қалып, баламалы ақпарат көздеріне жүгіне беретіні айқын ғой? «Ақпарат кімде болса, қару сонда» деген ежелгі тәмсіл бүгінгі таңда тіпті өзекті. Сондықтан барлық ресми органдар ақпараттық саясатын қайта қарастырып, заман талабына сай қағидалармен халықтың шындыққа негізделген, шұғыл ақпарат алу құқын сыйлайтын жолға түспесе болмайды. Шынайы деректерді бұрмаламай, «қазанның құлағын қалаған жерінен шығара бермей», ақиқаттың ауылына жақынырақ қонғаны дұрыс. «Өтірік өрге баспайды», түбі бәрібір әшкере болады, сол себепті ресми органдарға өз беделін қадірлеудің жолын қарастыратын уақыт жетті.
«Әлеуметтік желідегі БАҚ» деген ұғымның қалыптасқаны да анық. Алайда «Мұндағы журналистердің жауапкершілігі қандай?» деген заңды сұрақ туындайды. Әлеуметтік желі – цифрлы қоғамның үлкен бір айдыны. Телегей теңізі. Онда әр азаматтың еркін көсілуіне жол ашық. Ресми жауапты қызметтердің ақпараты сұранысты қанағаттандыра бермегендіктен, қарапайым жұрт әлеуметтік желідегі плюрализмге сүйенгісі келеді. Ол жердегі журналист ақпаратты беру мен таратуда жеке көзқарасын да таныта алу құқығына ие. Ал сөз қадірін тереңірек білетін журналистің әр жазбасы бұқара санасына тиімдірек, пәрмендірек әсер ете алатыны айқын. Ендеше, әр журналист әлеуметтік желідегі белсенділігін өзінің кәсіби әрі адамгершілік міндеті мен жауапкершілігі тұрғысынан қолданса деген тілегім бар.
«Қазіргі медиаконтентті кімдер жасап жүр? Артықшылығы мен кемшілігі неде?» деген сұраққа келер болсам. Бүгінгі медиа контентті кім қаласа, сол жасап жүр. Соңғы бірнеше жылда көрілім арқылы ақша тапқысы келетін белсенділердің саны артты. Кейбір билік басындағы олигархтардың сойылын соғуды көздейтін, соның мүддесіне сай халықты өз ығына жыққысы келетін медиа концерндерге миллиондаған қаражат құйылып та жатыр. Жеке Youtube, Telegram каналдарын, Facebook пен Instagram парақшаларын жүргізіп отырған қоғам мүшесі де өте көп. Оның ішінде кәсіби журналист те, экономист, заңгер, саясаттанушы да бар. Бұл жаман құбылыс емес. Бұқарада таңдау бар. Тек киберқылмыс, цифрлы сауатсыздық төмендеуі үшін әр оқырман, көрермен фактчекинг, медиапсихология, сыни ойлай білу негіздерінен хабардар болғаны жөн. Бұл құралдар адам санасындағы антивирус іспетті қызмет атқармақ. Мәселен, көрші елдің зомби тұтынушыларының кебін кимес үшін де керек. Сонда талғам да өсіп, насихат мен сарыжағал басылымдардың тұтынушылары азайып, қоғам санасы ақпараттық сауаттылық арқылы бекіп, дами түсері анық.
«Жұрт Whatsapp хабарламаға көбірек сенеді»
Қанат ТІЛЕУХАН,
журналист:
– Ең алдымен, БАҚ-қа еркіндік керек. Цензура бар жерде төртінші билік өз функциясын атқара алмайды. Қазір жұрттың назары неге Youtube арналарға ауды? Оларда мол қаражат жоқ, жарқыраған студия жоқ. Есесіне еркіндік бар. Журналистика қазір қайырымдылық қорларының жұмысымен айналысып кетті. Біреуге үй алып беру, денсаулығын қарату. Қыл аяғы құжатын жасап беру дегендей. Бұл біз айналысатын шаруа ма?
Жаңа Қазақстанда мемлекеттің ақшасы жөнімен жұмсалып, үнемделуге тиіс. Үкімет өзінің жұмысын көрсету үшін түрлі тақырыпта тендер үлестіреді. Тендер алған сайттар тапсырыс мақалаларды қуыс-қуысқа тығып тастайды. Оны оқып жатқан адам жоқ. Жарқыратып бірінші бетке шығарсаңыз да ешкім оқымайды. Сайт біткен «Бекболат Тілеухан пәленбайды қарғады» деген материалымен оқылым жинап, тендер игерумен отырады.
Билік, шын мәнінде, Жаңа Қазақстан құруға ықыласты болса, БАҚ-қа еркіндік беруі керек. Еркіндігі жоқ журналистикамен демократиялық һәм экономикалық қуатты мемлекет орната алмаймыз.
Қазір дәстүрлі, ресми ақпарат көздерінен ақпарат алу азайып барады. Сөздің шыны керек, қазір қарапайым жұрт Whatsapp-тан келген хабарламаға көбірек сеніп жатады. Мұның арты ертең хаосқа алып келуі мүмкін.
Сондай-ақ әлеуметтік желідегі әріптестердің қызметін бір ретке келтіретін уақыт келді. Қазір хайп жасаймын деп шулатып жүргендер жетеді. Қарапайым оқырманды айтпай-ақ қояйын. Кәсіби журналистер әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпаратты пайдалана беретін болды.
Қазіргі медиаконтентті блогерлер, «Азаттық» радиосы және тәуекелшіл аздаған отандық БАҚ өкілі жасап жүр. Бұлардың арасында жекелеген журналистер де бар.
Мәселен, Мият Кәшібайдың телеграм каналының материалдарын көптеген сайт көшіріп басады. Рас, қазір ақпарат заманы. Технологиялар күн сайын дамып жатыр. Медиаконтентті қолында смартфоны бар кез келген адам жасай алады. Ол тіпті күннің басты жаңалығының авторына да айналып кете алады. Бұл қалыпты нәрсе. Бірақ қоқыс ақпараттың ортасында қалып бара жатқанымыз бәрімізді ойлантуы керек. Сондай-ақ елімізде медиаконтенттің біраз бөлігін ресейлік БАҚ-тың жасап отырғанын бәріміз білеміз. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі талай мәрте айтылды. Украинадағы әскери қақтығыстан кейін бұл мәселені шындап шешу керек.
«Ұлттық медианы дамыту өте маңызды»
Ербол АЗАНБЕК,
Қазақ медиа қауымдастығының төрағасы:
– Журналистер тең емес бәсекелестік жағдайында жұмыс істей бастады. Соңғы жылдары журналистерге мыңдаған бәсекелес пайда болды. Бір жылдары жаңалық таратушы сайттар дәстүрлі медиаға бәсекелес болады деген, алайда сайттардың өзі қазір «ескіріп» барады. Әлеуметтік желілер бәсекелестікте жеңе бастады. Қазір алғашқы Telegram арналар желілік басылым ретінде тіркелді. Ары қарай блогерлер тіркелуі мүмкін. Кәсіби журналистің көз майын тауысып, зерттеп жазған мақаласы оқырман назарынан тыс қалып, телеграм немесе инстаграмдағы журналистік стандартқа сай емес ақпараттар күллі әлемді шарлап кететін болды. Кейде телесюжеттен Youtube-тағы авторлық құқығы сақталмаған түсініксіз видео көбірек, ауқымды аудиторияға таралады. Әлеуметтік желілер жеке адамдарға табыс табу мүмкіндігін беріп отыр, сондықтан блогер, азаматтық журналист болғысы келетіндер қатары қалың. Кез келген адамда талапқа сай болсын, болмасын медиа контент таратуға мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, қазір корпоративтік сектор қоғаммен делдалсыз, басқа ресурстарсыз байланыс орнатып, БАҚ-сыз ақпарат тарата алатын болды. Коммуникация, әлеуметтік желімен жұмыс бөлімдерінде кейбір редакциялардан көп маман жұмыс істейді.
Технологияның даму қарқыны жоғары. Ақпарат ТВ, радио, компьютер, ноутбук, планшет, ұялы телефон арқылы ғана емес, интернетке қосылуға мүмкіндігі бар кез келген зат көлік, тұрмыстық техника арқылы да тарай бастайтын болды. Сондықтан контент өндіру, таратуда журналистермен бәсекелестер көбейді. БАҚ-тың табысына «ортақтаса» бастады. Технология дамыған сайын бұл «қысым» көбейе береді. Бұл бәсекелестіктің нәтижесінде уақыт өте келе кәсіби ақпаратқа, арнайы маманданып ақпарат өндіруге сұраныс азаюы мүмкін. Әлемдік тенденция осындай. Сондықтан БАҚ өкілдеріне бұрынғыдан да жылдам, кәсіби, жаңаша жұмыс істеу керек. Ол әлеуметтік желінің мүмкіндігін пайдалану, мобильді редакциялар жасау, мультимедианың мүмкіндігін пайдаланып, оқырманның барлығына жететін контент өндіруге көшу, жекелеген журналистердің әмбебаптануы, интернет ресурстардың тек жаңалық таратумен шектелмей, сервистер қосуы, цифрлану, экожүйе қалыптастыруға ұмтылуы маңызды.
Соңғы кездегі геосаяси жағдайлар көрсеткендей ұлттық медианы дамыту өте маңызды. Көрші елдердегі әскери қақтығыста оқ қана атылып жатқан жоқ, ақпарат майданы да қызып тұр. Тіпті Володимир Зеленский Axios репортері Джонатан Свонға Украина үшін медиадағы назар өте маңызды екенін, бірақ ол адамдар бұл тақырыптан жалығып, «жаңа нәрсені қалай ма?» деп қорқатынын айтқан. Ал біздің БАҚ мұндай жағдайға дайын ба? Сондықтан БАҚ-ты кәсібилік, материалдық, техникалық жағынан дамыту мәселесін тағы бір қарайтын кез келді.
Қолында телефоны бар кез келген адам контент өндіріп, таратушы дегеннің бір минусы «ақпараттық соғысты» көбейтті. Жалған ақпарат тарату көбейді, кім туралы көбірек ақпарат тараса соныкі шындық, әлеуметтік желі бетінде шулатып мәселе шешуге ұмтылу көбейді. Өкінішке қарай, мұндайды БАҚ-тың да жалғастырып, араласып кететін кезі аз емес. Тәуелсіздік алғалы журналистік этика, авторлық құқық, БАҚ-тың өзін-өзі реттеуі сынды мәселелер назардан тыс қалып келді. Алдағы уақытта медиа нарықтың осы мәселелерге көңіл бөлгені жөн.
«Журналистердің жауапкершілігі артады»
Айдын ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Диджитал департаментінің директоры:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан дегеніміз – Әділетті Қазақстан» деп баға берді. Ал Әділетті Қазақстан құру үшін ең маңызды саланың бірі – журналистика. Трансформацияға ұшырап жатқан Қазақстан қоғамында күнделікті ақпарат ағыны да өте күшті. Ең маңыздысы – ақпаратты сұрыптау, сұрыптай отырып, шынайылығын жоғалтпай, жедел ұсыну. Блогосфера, азаматтық журналистика дамып жатыр дегенмен, соңғы жауапкершілік ресми бұқаралық ақпарат құралдарында, ресми БАҚ-тың өкілдерінде қалады. Ақпаратты сауатты тұтынушы ең соңғы деректі ресми көздерден, дәстүрлі БАҚ-тан іздейді, бұған медиа саласындағы жүргізіліп жатқан зерттеулер дәлел бола алады.
Әлемдік пандемия кезінде фейк ақпараттың өршігенін жақсы білеміз. Себебі қоғамда хаос пайда болғанда, бұл, ең алдымен, ақпарат саласында көрініс табады. Сол кезеңде ел бойынша телекөрілім үлесі артты. Яғни дәстүрлі журналистика алдыңғы орынға шықты. Ақпарат алатын түрлі құрал, түрлі көз көбейген сайын кәсіби журналистердің жауапкершілігі еселене түседі. Себебі ақпаратты таратудан бөлек, жалған ақпаратты жоққа шығару функциясын қоса атқарады. Дәстүрлі журналистиканың тағы бір артықшылығы, жеке адамның мүддесі, адамның жеке бас мәселесі ешқашан алдыңғы орынға шықпайды. Қазір қоғамды дел-сал күйге түсіріп тұрған осы мәндес арзан ақпарат көбейді.
Журналистика жалпы бұқараға, қоғамға қызмет еткенде ғана дербес дамиды және ешқашан өз функциясынан ажырамайды, яғни бәсекелес орта, құрал болмайды. Мемлекет дамуының қай кезеңінде де бұқараның базынасын айтып, оның оң шешілуіне ықпал ету, халықты ағарту – біз қызмет етіп жүрген саланың әу бастағы және өзгермейтін қағидасы болып қалады. Бұқараның үні жиі естілгенде Жаңа Қазақстан құру үдерісі жылдамдайды. Жаңа Қазақстанның журналистикасы кәсіби мамандардан құралуы керек.
«Блогерлерді журналистермен тең қарамау қажет»
Ерболат МҰХАМЕДЖАН,
М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті Басқарма төрағасының орынбасары:
– Жаңа Қазақстандағы журналистика бірінші кезекте ашық, әділ және объективті болуы керек. Журналистиканың қоғамның ойын, пікірі мен көзқарасын, мақсат-мүддесін білдіре алатын алаңға айналуы өте маңызды. Хайп қуу, жалған ақпарат тарату, дәлел, айғақсыз сөйлеу – бұл саланың беделіне нұқсан келтіретін кеселдер. Шынайылық болған жерде ғана мықты журналистика қалыптастыра аламыз. Қазір кез келген блогер, әлеуметтік желіні қолданушы бұқаралық ақпарат құралының рөлін атқара алады. Ал дәстүрлі ақпарат құралдары ақпаратты тым кеш береді. Берсе де 1 сағат, тіпті кейде бір күн кешіктіріп жариялап жатады. Дәстүрлі БАҚ-қа деген сенімсіздік міне осыдан бастау алады.
Ал әлеуметтік желілердегі блогерлерді журналистермен тең қарамау қажет. Себебі бұл жерде журналистика, нақты журналистер жоқ. Егер осылардың ара-жігін ажыратып алар болсақ, «Әлеуметтік желідегі БАҚ» деген түсінік қалыптаспас еді. Мәселен, бізде әлеуметтік желідегі 20-30 белсенді блогер саяси тақырыпта жазады, осынша блогер әлеуметтік, осыншасы ауылшаруашылық тақырыбында жазады деген іріктеу, саралау жоқ. Сұрыптау болмағандықтан да блогерлер кез келген тақырыпты жаза береді. Сондай-ақ бізде арнайы блок жазатын сарапшылар бар. Ал осылардың барлығын «Әлеуметтік желідегі БАҚ» деп айта аламыз ба, жоқ па? Бұл екінші мәселе. Өйткені әлеуметтік желіні қолданатын сарапшылар мүмкіндігінше қандай да бір негіздемеге, дәлелге сүйенеді. Ал әртүрлі тақырыпта «қалам тербейтіндерде» көбіне зерттеу, ақпаратты тексеру деген болмайды. Олардың бұған қатысты сан сылтаулары да дайын. Оларда «бізге кешіріммен қарау керек» деген жазылмаған қағидат қалыптасып қалған. Басқаша айтқанда, олар фонограммамен ән айтатын әншілер секілді. Сапасыз, нашар ән болғанымен ол халыққа ұнауы мүмкін ғой?!
Қазіргі медиаконтенттің басым көпшілігін журналистер жасайды, ал оны таратушылар, қоғамда өтімділігін арттыра түсетіндер – блогерлер, барлық әлеуметтік желі қолданушылары. Бізде сол себепті де медиаконтент жасап жүргендер әлеуметтік желіде отырғандар деген теріс пікір қалыптасып қалған. Ал шындығына келгенде ізденіп, зерттеу жасап, ақпарат тарататын – журналистер. Олар – телеарна тілшілері, газет журналистері. Сол үшін блогерлерге қатысты нақты анықтама беру қажет.
Жаңа Қазақстанда мемлекеттік БАҚ болсын, тәуелсіз ақпарат құралы болсын, олар міндетті әрі сындарлы түрде мемлекеттің саясатын сынай білуі қажет және бұл сынды алғашқылардың бірі болып, бірінші беттен көрсетуі қажет. Насихат аз болса, тіпті болмаса, ашық сын айтылса, қоғамның өзекті мәселесі өткір көтерілсе ғана Жаңа Қазақстан журналистикасының бағы жанады.
ТҮЙІН. Ғасырлар бойы қоғамдық өмірдің өте маңызды аспектісі болып келген журналистика бүгінде жаңа, тың бастамалар мен заманауи технологиялардың тартысында жүр. Ақпараттық дәуірде бұл саланың маңызы артпаса, кемімесі анық. Жаңа Қазақстанның журналистикасы туралы ой-пікірлерін ашық білдірген спикерлердің сөзінің жаны бар, әрине. Бірақ ең бірінші еркін әрі бәсекеге қабілетті БАҚ болмайынша, ақпараттық қауіпсіздік, ұлттық медианың идеологиясы туралы тұжырым жасау қиынға соғатынын түсінгеніміз жөн. Себебі қазір бәсекеге қабілетті әрі дербес журналистика әлемді өзгертіп жатыр.
Дереккөз: Egemen.kz