|
06.05.2022 | 10:51
5000

Ахмет Байтұрсынұлы туралы біз білмейтін деректер

Ахмет Байтұрсынұлы туралы біз білмейтін деректер Фото: ашық дереккөзден

Ахмет Байтұрсынұлы туралы біз білмейтін деректер пайда болды. Бұл туралы ANA TILI газетінде жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан Республикасы Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде Қазақ  халық білім беру институтының құжаттары жинақталған қор сақтаулы. Қордың негізгі құжаттары – Қазақ  халық білім беру институтының хаттамаларын қарап, институт туралы ереже, онда оқытылған пәндер жайлы, оқытушылармен жасасқан келісімшарттар жөнінде деректер ақтардық. Қордағы құжаттардың сақталып тұрғанына тура 97 жылға жақындапты.

Қызылорда облыстық архивіндегі бұл деректерді Алаштың ардақтысы, ұлы реформатор, ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында қарап, тағылымды мұрасын ұлықтауды жөн көріп отырмыз. Біздің назарымызды аударған Қазақстан Республикасы Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві. 184 қор. 1-тізімдеме, 17-іс.

Қызылорда астана болған жылдары ұлт зиялыларының қазақтың оқу-ағарту жүйесін жақсарту бағытында тындырымды жұмыстар атқарғанын тарих дәлелдеп отыр. Қазақ  халық білім беру институтында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ оқығандардың болғаны белгілі. Шонанов, Бурабаев, Қаржаубаев, Жарменов, Қасымов, Қадырбаев, Әлжанов т.б. сынды азаматтар елде сауатсыздықты жою ісімен айналысты.

Ал сол ұлт оқығандарының алдыңғы сапында тұрған Ахмет Байтұрсынұлының Сыр өңіріндегі оқу-ағарту саласындағы ыждағатты және барынша жауапты қызметін архив материалдары негізінде тануға (орыс тілінен қазақшаға аударма жасадық) күш салатын боламыз.

165 СОМДЫ ИНСТИТУТ  КАССАСЫНА ҚАЙТАРУ

1927 жылдың 16-23 қыркүйегінде жүргізілген Қазақ халық білім беру институтының мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің актісінде көрсетілген ­деректер бойынша Ахмет Байтұрсынұлы денсаулығына байланысты 1 рет, басқа себептерге байланысты 4 рет студенттерге сабақ бере алмаған.

16-23 қыркүйек, 1927 жылы рәсімделген мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің актісінде жұмыс орнында белгілі-белгісіз себептермен болмаған жағдайларына орай, актінің 8-тармағына сәйкес, денсаулығына байланысты сабақты жүргізбеген күніне бұрын төленген 2 сом ақшаны және осы актінің 7-тармағына сәйкес кезекті еңбек демалысынан жұмысқа кешігіп келуі себепті 165 сом 98 тиын ақшаны Ахмет Байтұрсынұлының институттың кассасына қайтаруы керек екені айтылған. Бұл дерек 1927 жылдың 29 қарашасы күні мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің инспекторы Зарихиннің қолы қойылған актіде көрсетілген.

1927 жылдың 28 қарашасында жасалған тізімде актінің 8-тармағында көрсетілген денсаулығына байланысты жұмыс орнында болмағанына орай  бұрын төленген 2 сом ақшаны, актінің 9-тармағында көрсетілген іссапарда болған күндеріне төленген 254 сом 17 тиын ақшаны және осы актінің 7-тармағында кезекті еңбек демалысына төленген 165 сом 98 тиын ақшаны Ахмет Байтұрсынұлының институттың кассасына қайтару жөнінде дерек бар.

«1927 жылдың 16-23 қыркүйегінде жүргізілген мемлекеттік қаржылық тексеру бөлімінің актісінде Қазақ халық білім беру институтының әкімшілігіне менен 432 сом 15 тиын ақшаны: оның ішінде кезекті еңбек демалысынан кешігіп келуіме байланысты 165 сом 98 тиын ақшаны, денсаулығыма ­байланысты сабаққа кешігіп келуіме орай 2 сом ақшаны, іссапарада болуыма байланысты 254 сом 17 тиын ақшаны қайтаруым туралы шешім шығарылған. Мемлекеттік тексеру комиссиясының ойлағанындай, мен, Институттың жұмыстарына қатысты емес жұмыстармен айналысқаным үшін және Институтта сабақ жүргізбегенім үшін бұл қаражаттарды қайтаруым керек екен.

1) Мен кезекті еңбек демалысында 20 маусым – 20 тамыз аралығында жұбайымның денсаулығын емдеу үшін курортта болдым және еңбек демалысынан 23 тамызда оралдым, бұл уақытта Институтта сабақ әлі басталмаған екен.

Мемлекеттік тексеру комиссиясы Институттың нақты жұмысы туралы ақпаратты жеткілікті біле тұра менен 3 (үш) жұмыс күні үшін 165 сом 98 тиын ақшаны Институт кассасына қайтару жөнінде мұндай қатаң жаза қолданады деп ойламаймын. Менің ойымша, мемлекеттік тексеру комиссиясы мен туралы жеткіліксіз, толық емес ақпарат алған.

2) 1927 жылдың сәуір айында жұбайым бөртпе ауруымен науқас­танды. Дәрігердің жедел жәрдемі қажет болды. Үйде телефон болмағандықтан, дәрігерді өзім барып шақырдым, сон­дықтан сабаққа 1 сағатқа кешігіп келдім.

Бұл жағдайда мемлекеттік тексеру комиссиясы отбасымның жағдайын толық білмегендіктен маған қатысты өте қатаң жаза қолданып отыр. Тексеру комиссиясы қатаң жазаны өзімнің жеке бас шаруама қатысты көп рет сабақта болмасам қолдануына болады деп есептеймін.

Мемлекеттік тексеру комиссиясы нақты толық мәліметті алған кезде және отбасы мүшесінің ауыр науқастануына байланысты және менің жыл бойына бірінші рет сабаққа 1 сағатқа кешігіп келуім мемлекеттік комиссия өте қатал шешім қабыл­дайтын жаза деп есептемеймін. Бұл түсініспеушіліктен туындаған шешім болар.

3) Іссапарда болғаным, іссапарда айна­лысқан жұмыстарыммен және Институт қабырғасында қазақ ұлтының халық білімі саласындағы атқаратын жұмыстарыммен арасындағы айырмашылықтан мемлекеттік тексеру комиссисиясының толық хабардар емес екенін айғақтайды, яғни менің ­институт қабырғасында атқаратын жұмыстарым жалпыұлттық жұмыстарыммен тығыз ­байланысты.

Менің жұмысым – шығармашылық жұмыс, яғни қазақ ұлтының әліпбиін дайындап жатырмын, бұл жұмыспен бұрын-соңды ешкім айналысқан емес. Қазақ тілінің жазба әдісін, қазақ тілінің әліпбиін, орфографиясын, грамматикасын, қазақ ұлтының сауатын ашу әдістемесін дайындау жұмыстарымен 30 жылдан аса уақыт бойы айналысып келемін. Бұл жұмыспен оқу орнының қабырғасында ғана айналыс­паймын, бар өмірімді осы жұмыстарға арнағанмын. Шығармашылық жұмыстарыма көп уақытымды жұмсаймын.

Бұл жұмыс, біріншіден, ғылыми-зерттеу, екіншіден, шығармашылық, үшіншіден, тәжірибелік жұмыстар. Келешектегі жұмысым осы уақытқа дейінгі жүргізген жұмысымды терең зерттеуге бағытталған, зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдануды жақсарту жұмысымен тығыз байланысты. Зерттеу жұмысым қазақ тіліне қатысты мәліметтерді жинақтау және оларды зерттеу; ал шығармашылық тұрғыдан: теориялық зерттеу жұмыстарымды іс жүзінде қолдану; зерттеу нәтижелерін іс жүзінде оқу орындарында сабақтарда пайдалану жұмыстарын қамтиды.

Осындай үш бағытта жүргізген жұмыстың нәтижесінде әлемде теңдесі жоқ қазақ тілінің әліпбиі және қазақ орфографиясы, басқа ұлттардың тілімен ғылыми тұрғыдан салыстырғанда бірінші орынға шығатын қазақ тілінің грамматикасы, қазақ тілін оқыту әдістемесі дүниеге келді.

Соңғы уақытта, 1926 жылдан бастап ана тілімізді оқыту бағыты бойынша қазақ тіліне қажетті жаңа мәліметтерді жинақтаумен және жаңа әдістерді зерттеумен айналысып жүрмін.

Мен жүргізген қазақ тілін оқыту әдістерін қалыптастыру және жаңа мәліметтерді зерттеу нәтижелері әрқашанда өзім ана тілімізден сабақ беретін Қазақ халық білімі институтының мамандарынан бұрын жарыққа шығады. Жұмыстарымды бөліп-жармай барлық қазақ мектептеріне арнап жүргізіп жүрмін, менің ғылыми-зерттеу жұмыстарымды Қазақ халық білімі институты бірінші болып қолданады, сондықтан іссапарда болған күндерімнен Қазақ институты қаржылай шығынға ұшырайды немесе институттың жұмысына нұқсан келеді деген мемлекеттік тексеру комиссиясының шешімі негізсіз.

Мынадай сұрақтар туындайды: Институтта ана тілінің мұғалімі ретінде және қазақ тілін оқыту әдістемесін дайындаушы ретінде басқа ұлттардың тілдеріне қатысты деректерді зерттеу және оқыту әдістемесін зерттеу жұмыстарын жүргізуім қажет пе?

Мұндай жұмыстар менің институт қабырғасын­дағы жұмыстарыммен және мұғалімдерді дайындап шығаратын Институттың мүддесіне байланысты ма? Бұл – бір.

Екіншіден, мемлекеттік тексеру комиссиясы қазақ тілін оқытудың қолданыста бар әдістемесін зерттеуді, жаңа әдістемелерді дайындап шығару үшін мәліметтерді жинақтаумен оқу кезінде айналысудың, студенттерге сабақ беру барысында айналысудың мүмкін еместігін түсіне ме екен? Егер дәл осылай ойлайтын болса, онда қай уақытта мұндай зерттеу жұмыстарымен айналысу керек?

Үшіншіден, мемлекеттік тексеру комиссиясы қажетті оқулықтардың, ғылыми әдебиеттердің қазақ тілінде жоқтығынан пәндерді қазақ тілінде оқытудың қиыншылығын түсіне ме екен?

Осындай зерттеу жұмыстарына әрбір мұғалім өзінің жұмыстан тыс барлық бос уақытын жұмсап, қажетті мәліметтерді жинақтаумен, әрбір лекцияны және конспектіні дайындаумен айналысады.

Төртіншіден, институтта жұмыс атқаратын әрбір қазақ мұғалімінің сабақтан тыс уақытында жүргізген зерттеу жұмыстарынан басқа, Институт қабырғасында жаңа әдістемелерді меңгеруге және зерттеуге уақыты жетпейтінін, жаңа әдістемелерді дайындауға және оларды зерттеу үшін мұғалімге берілетін бос уақыт – ол институттағы сабақ аяқталып, ол сабақтар қайта басталатын кезең аралығында ғана айналыса алатынын мемлекеттік тексеру комиссиясы түсіне ме екен?

Қазақ халық білім беру институтында оқу жылының соңында студенттерден сынақ қабылдап болған соң, Институт әкімшілігінің қолдауымен Ташкент қаласындағы қазақ педагогикалық институтына лекция оқуға аттандым. Лекция оқумен қатар, Ташкент қаласындағы Педагогикалық институтта қазақ тілін оқытудың әдістемесін зерттеумен мамыр айының 5-31 аралығында айналыстым. Осы зерттеу жұмыстарым үшін мемлекеттік тексеру комиссиясы маған іссапарға есептелген 264 сом 17 тиын ақшаны Институттың кассасына қайтаруымды талап етіп отыр.

32 жыл мұғалімдік еңбек тәжі­рибемде қажетті оқу курстарынан басқа мұғалімдерден 2-3 аптаға ерте өткенім үшін жауапты шығармын. Осы оқу курстарынан қысқа уақытта өткенім себепті сабақ берген студенттерімнің білім деңгейі басқа студенттердің білім деңгейінен төмен болған жоқ, сондықтан мемлекеттік тексеру комиссиясының маған тағайындаған жазасымен келіспеймін және маған төленген қаражатты Институттың кассасына қайтарылсын деген шешімі негізсіз екенін айтқым келеді.

Мемлекеттік тексеру комиссия­сының оқу ­жылынан кейін институттың әкімшілігіне отырғызып, канцелярияның машинкасын басу жұмысына жегіп қойғаны дұрыс болар ма еді?!  Мүмкін, шотпен жұмыс жүргізіп отыруды жүктеп қойғандары дұрыс болар ма еді?.. Институттың кеңсесіндегі мұндай жұмыстар қазақ тілін зерттеу бағытындағы жұмыстарыма қатысы бар және өте маңызды жұмыстар орындалады деп шешім қабылдар ма еді? Мемлекеттік тексеру комиссиясының қорытындысы бойынша іссапардағы оқыту әдістемелерін зерттеу бағытындағы жұмыстарым институт үшін аса маңызды емес деп есептейді.

Мемлекеттік тексеру комиссия­сының жоға­рыда келтірілген зерттеу жұмыстарыма берген қорытындысы қате және мемлекеттік тексеру ­ко­миссиясының мұндай қате шешімі менің жұмы­сымның бағытын толық білмегендіктен қабылданып отыр.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерді қорытын­дылай отырып, жергілікті комитеттен кеңес ұйымы арқылы мемлекеттік қаржы тексеру комиссиясынан қорғауыңызды, менің зерттеу жұмыстарыма жұмсаған уақытымда өз еңбегіммен алған қаражатымды өзімде қалдыруыңызды, мемлекеттік қаржы тексеру комиссиясының қате шешімдерінен қорғауыңызды сұраймын».

Қосымша:

Кезекті еңбек демалысы туралы №524 санды 7 маусым 1927 жылғы куәлік.

Институт оқытушысы

Ахмет Байтұрсынұлы

19 СОМ 76 ТИЫН АҚШАНЫ ҚАЙТАРУ

ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУ

Қазақ халықтық қаржы комисса­риа­тының жанындағы Мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің бастығына

Мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің тексерушісі Болгарцевтен баяндама (мәлімет)

Қазақ халық білім беру институтында 1926/27 оқу жылының екінші жартыжылдығына жүргізілген тексеру жұмыстарының 16-23 қыркүйек, 1927 жылы рәсімделген шығыстар актісіне сәйкес, Қазақ халық білімі институтының оқытушысы Байтұрсынұлы жолдасқа айлық жалақы кезекті еңбек демалысына төленуге тиіс ақшадан 165 сом 98 тиын ақша, 2 сом ақша науқастануына байланысты, барлығы 167 сом 98 тиын ақша дұрыс есептелмегені анықталды және бұл сома Байтұрсынұлы жолдастан Қызылорда қаласының мемлекеттік қаржы тексерушісі арқылы Институт кассасына қайтарылуы жөнінде шешім қабылданды, бірақ осы уақытқа дейін ақша қайтарылған жоқ.

Қазір Байтұрсынұлы жолдастың кезекті еңбек демалысы туралы анықтаманы өткізуіне байланысты, осы анықтамадан белгілі болғандай, Байтұрсынұлы жолдасқа кезекті еңбек демалысы 2 ай мерзімге берілгені және демалыстан Байтұрсынұлы жолдас 3 күнге кешігіп келгені анықталды. Осы 3 күн кешіккені үшін 17 сом 76 тиын ақша және сабаққа кешігіп келгені үшін 2 сом: барлығы 19 сом 76 тиын ақша қайтарылуы керек.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерді ескере отырып, Байтұрсынұлы жолдастан кезекті еңбек демалысына төленген 165 сом 98 тиын ақшаны және сабаққа кешігіп келгені үшін 2 сом ақшаны Институт кассасына қайтару туралы Мемлекеттік қаржы тексеру комиссиясының қабылдаған бірінші шешімін өзгертіп, 19 сом 76 тиын ақшаны қайтару туралы шешім қабылдау керек деп есептеймін. Бұл шешіммен Қазақ халық білімі институтын және Қызылорда қаласының Мемлекеттік қаржы тексеру бөлімін хабардар ету керек.

Мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің тексерушісі Болгарцев

25.06.1928 ж.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир