|
12.02.2019 | 20:37
5540

Аңызға айналған «қара майор» қайтыс болды

Знаменитый ветеран-афганец, полковник в отставке Борис Керимбаев скончался после продолжительной болезни

Аңызға айналған «қара майор» қайтыс болды МИА «Казинформ»

Бүгін Ауған соғысының ардагері, Қарулы Күштердің отставкадағы полковнигі Борис Керімбаев 71 жасында дүниеден озды. 500 -ақ сарбазбен мыңдаған әскерге қарсы тұрған арда азаматтың ерлігін ел аңыз қылып айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Есімі көзі тірісінде-ақ аңызға айналған қазақтың «қара майоры» 1948 жылы Жамбыл облысының Аққайнар ауылында дүниеге келген. Борис Керімбаев мектепте үздік оқымаса да, Ташкенттегі Ленин атындағы жоғары жалпы жауынгерлік командалық училищені жақсы бітіріп шығады. Германияда офицерлік тәжірибеден өтіп, 1980 жылы Эфиопияға аттанғалы тұрған Бористі кенеттен Ауғанстанға апару туралы бұйрық шығады. Соғыс ошағына аттанбас бұрын Қапшағайда құрылған  №177 жасақ отрятындағы әскерлерді тәрбиелейді.  

«2500 адамнан 500-ін ғана іріктеп алдым. Қапшағай маңында ұрысқа дайындала бастадық. Қыс өте суық болды. Шатырда түнедік. Қолжуғыштағы суымыз қатып қалғаннан, сарбаздар жуына да алмайтын. Ауғанға аттанбас бұрын Қапшағайда жеке құрамның атысқа дайындығы, техникалық жарақтандырылуы толық жүзеге асты»,– деген еді бір естелігінде №177 арнайы жасақтың командирі (1981-1983) Борис КЕРІМБАЕВ.

Борис басқарған арнайы жасақ 1982 жылы Ауғанстанның Дарзаб елді мекенінде барлау-іздеу рейдтерін орындап отырды. Оның өміріндегі ең ауыр әрі атын шығарған оқиға да сол елдегі  Панджер шатқалымен тікелей байланысты. Жергілікті ауған партизандары, пуштундармен кескілескен ұрыста осы шатқалды 30 күн қорғау  тікелей  Борис Керімбаевтың қармағына жүктеледі. Алайда, ұрыс ұзаққа созылып, асу үшін арпалысқан кеңестік әскер мен ауғандықтардың атысы 9 айға созылды.

«Шайқастар көп болды. Себебі, біз арнайы мақсаттағы отряд болғаннан кейін, жауды өзіміз іздеп барып тиісіп жүрдік. Бір жерде отырып, жау келсе ғана соғысамыз ғой деген жағдай болған жоқ. Біз қоршауға түсіп қалған кезеңдер болады, сондай ауыр кездерде бұл кісі ең бірінші болып өзі келіп, бізге көмек көрсетіп, не болмаса әскерлермен келетін, кейде өзі тікұшақпен келіп, ұрыстың ортасынан киіп кетіп, қоршауды бұзып алып шығатын», – деп еске алады №177 арнайы жасақ командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары Амангелді ЖАНТАСОВ.  

«Елге келген әрбір азамат бірінші Аллаға, екінші «Қара майорға» алғысымызды айтуға тиістіміз. Міне, «Қара майордың» басты ерлігі осы», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек СМАҒҰЛ.  

Соғыс тактикасын шебер меңгерген оның сан түрлі айласынан құтылудың жолын таппаған қарсы топ Бористі «Қара майор» деп атап, оның басына 1 миллион доллар тіккен деген сөздер де жиі айтылады.

«Біздің Борис Түкенұолының басы үшін 1 млн доллар сыйлық тағайындалған екен. Жау қалай болса да соғыста жеңіп шығуды басты мақсат кеткен ғой. Осы 1 миллион доллар туралы әңгіме ешқандай аңыз емес, ақиқат нәрсе. Тарихта жазылған, айтылған», – дейді Ауған соғысының ардагері Марат САЙБЕКОВ.

От пен оқтың ортасынан оралған «Қара майор» ұзақ жылдар бойы елге қызмет етті. Қапшағайда полк командирі, рота командирі міндеттерін атқарды. Қазақстан үкіметі оған Қорғаныс министрі қызметін де ұсынған. Шенге де, шекпенге де қызықпаған Борис Керімбаев 1992 жылы отставкаға кетеді.          

Аты аңызға айналған ардагермен қоштасу рәсімі 14 ақпан күні таңғы сағат 9-да Алматы қаласындағы офицерлер үйінде өтеді.

Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир