Алматы қалалық Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев қайтыс болған азаматтардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«Бүгінгі еліміздің айбынын асқақтатар сардарларымыз бен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы жарылысқа байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
26 тамыз күні кешке Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болған қайғылы оқиға бәрімізге белгілі. Нәтижесінде 13 адам қайтыс болып, өртті тоқтату кезінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 50-ге жуық қызметкері зардап шекті.
Қайтыс болған азаматтарымыздың отбасылары мен жақындарына қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.
Бұл оқиға тек сол отбасының ғана емес, біздің еліміздегі әрбір жанұяның басына түскен ауыр қайғы. Марқұмдардың топырағы торқа, жандары жәннәтта болсын. Ал бұл апаттан зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін.
Кім үшін де ұлының, ағасының, жарының және әкесінің орны бөлек. Бүгінгі күннің батырлары еліне қамқор, қоғамға сыйлы азаматтар болып өсті.
Еңбектері ерен қызметкерлердің өмір жолы ұрпақтарына үлгі, кім-кімге де өнеге боларлық өрелі жол екені айқын», – деді Алматы қалалық Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев.