2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамту жол картасы (ЖҚЖК) шеңберінде ағымдағы жылы 331 жоба іске асырылатын болады. 2021 жылы барлығы 27,3 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның 10,2 мыңы тұрақты жұмыс орны болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Бұдан басқа, 2020 жылы іске қосылған 259 жобаны іске асыру жалғасуда, оның шеңберінде 81 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды.
Іске асыру тәжірибесін ескере отырып, ЖҚЖК-ға талдау жүргізілді және мыналарды көздейтін жаңа тәсілдер әзірленді:
– жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру үшін азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын кеңейту;
– отандық тауарлар өндірісін, қызметтерді дамыту және жұмыс орындарын құру үшін «Бастау Бизнес» жобасы түлектерінің бизнес-жоспарларын қаржыландырудың (микрокредиттеудің) қолжетімділігін арттыру;
– ЖҚЖК-ға құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін әлеуметтік-мәдени, инженерлік-көліктік, өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды ғана қоса отырып, инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу критерийлерін қайта қарау.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы ЖҚЖК аясында 239 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның 6,6 мыңы – тұрақты. Бұл ретте жұмысқа орналастырылған азаматтардың 50,3%-ы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс тапты, 6,5 мың инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асырудың ерекше шарты отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің кемінде 90%-ын қолдануды қамтамасыз ету болып табылады. Қызметкерлердің кемінде жартысын халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалдайды, жұмыссыз жастарға басымдық беріледі. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге тиіс.