АҚШ-тағы ең ірі жеке фудтрейдер павлодарлық картопты алыс шетел нарығына шығаруға ниетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл туралы әкім Әбілқайыр Сқақовтың Champion Foods компаниясының вице-президенті Джонатан Бурингпен кездесуі барысында белгілі болды. Өңір басшысы инвесторға еліміздегі картоптың үштен бірі Павлодар облысында өсірілетінін айтты.
"Павлодарлық картоп тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал бренд. Жыл сайын біздің облыс 600 мың тоннаға жуық азық-түлік картобын өндіреді. Бұл біздің тұрғындардың қажеттілігінен жеті есе артық. Біз картопты сапалы сақтау үшін барлық жағдайды жасаймыз. Барлық картоп қоймаларының қуаты 400 мың тоннадан асады", – деді әкім.
Облыста төрт тұқым шаруашылығы жұмыс істейді.
Kazakh Invest ұлттық компаниясының АҚШ-тағы өкілі Ғалымжан Матаев Champion Foods компаниясы Луизиана, Техас қалаларында, АҚШ-тың порт қалаларында, сондай-ақ Қытайда, Үндістанда және Парсы шығанағы елдерінде өнімдердің алдыңғы қатарлы жеткізушісі болып табылатынын хабарлады.
"Қазіргі уақытта компанияның тапсырыс қоржыны 2 миллиард доллардан асады. Олар Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдері мен картопты қайта өңдеуді және жүйелі экспорттауды ұйымдастыруға дайын", - деді Матаев.
Джонатан Бурингтің айтуынша, павлодарлық картоптың климаттық жағдайы мен сапалық параметрлері Американың кейбір штатымен ұқсас.
"Осыған байланысты біз Павлодар өнімдерінің шет елдерге саудасы мен маркетингін жолға қоюға дайынбыз", – деді ол.
Өңір басшысы инвесторды жергілікті билік ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорт желісін кеңейту бойынша бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екеніне сендірді.