Қазақстанда 1 млн бала тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүр

egemen.kz
egemen.kz
Зорлық-зомбылық құрбандарының 70-90 пайызы құзырлы органдарға шағымданбайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өткен жылы елімізде 114 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Алайда жәбірленушілердің берген 3 шағымның тек біреуі ғана сотқа жеткен. Бұл туралы Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске жұмсалатын қаражатты бағалау және талдау нәтижесінде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап. 

Аталған зерттеу Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің бастамасымен жүргізілген. Zertteu Research Institute интитутының директоры Шолпан Әйтенованың айтуынша, кешенді зерттеу 2021 жылдың көрсеткіштерін негізге ала отырып, биыл маусым-қыркүйек айларында жүргізілді.

«Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын кеңінен талдап, оның экономика, әлеуметтік және психологиялық салдары туралы білгіміз келді. Сондай-ақ мемлекеттің отбасылық зорлық-зомбылықпен күреске қанша қаржы жұмсап жатқанын анықтау көзделді. Себебі мемлекеттік бюджет - мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың құралы. Біз бюджет қаржысын бөлу кезінде мемлекеттің белгілі бір проблеманы шешу кезінде қандай басымдық қойып отырғанын көруге болады», – деді ол. 

ІІМ мәліметіне сәйкес, былтыр 114 мың адам тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша полицияға жүгінді. Оның 37 мыңы ғана сотқа жетіп, ал 17 мыңы ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

«Әкімшілік жаза 2 сағаттан 3 тәулікке дейін қамау түрінде болды. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адам осындай жаза алады. Сондай-ақ былтыр 1 мың қылмыстық құқық бұзушылық болды, ол Қылмыстық кодекстің аясында тергелетін ауыр істер. Талдау кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 3 шағымның тек біреуі ғана сотқа дейін жететін көрдік. Жиі кездесетін негізгі себептің бірі - жәбірленушілердің шағымын қайтып алуы. Тек алты шағымның біреуі ғана әкімшілік қамау түрінде жазаланады. Яғни, жасалған зорлық үшін берілетін жаза сәйкес келмейді. Бұл жәбірленушілерді құзырлы органдарға шағымдануға мотивация бермейді. Өздерінің қорғансыз әрі жүйенің оларды қорғауға кепілдік бермейтінін көрген соң райынан қайтады», – деп қосты аналитик. 

Сондай-ақ институт директоры шынайы статистика тіркелген құқық бұзушылықтан әлдеқайда көп деген пікірде. 

«Құқық қорғау органдары академияларының зерттеулерінің нәтижесі бар. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасырын сипатқа ие екені айтылады. Зорлық-зомбылық құрбандарының 70-90 пайызы құзырлы органдарға шағымданбайды. Бұдан қазіргі статистика көрсетіп отырған 114 мыңды шынайы көріністің төрттен бірі деп алсақ, жасырын көрсеткішті қоса алғанда бір жылда 500 мың тұрмыстық зорлық-зорлық құрбаны бар деп болжауға болады», – деп толықтырды ол. 

Сонымен бірге, былтыр агрессорлардың құрбандары Қазақстандағы дағдарыс орталықтарында қанша арнайы әлеуметтік қызмет алғаны талданды. Өткен жылы елімізде 36 дағдарыс орталығы жұмыс істеді. Олардың ұсынған мәліметтеріне сәйкес, орталықта тұрғандардың 61 пайызы балалар екені айтылды. 

«Демек қорлық көрген әр жәбірленуші орталыққа кәмелетке толмаған баласымен бірге келіп отырған. Назар аударатын мәселе, жасырын статистикадағы 500 мың әйел деп алсақ, оның әрқайсысында екі баладан болса, барлығы 1 млн бала зорлық-зомбылықтың куәгері болды деген қорытынды шығаруға болады. Бұл екі фактор бойынша маңызды мәселе – біріндішен, ДСҰ зерттеуіне сәйкес, балалардың-зорлық-зомбылық куәгері дер кезінде оңалтудан өтпесе, оның көргендерінің кейін менталдық саулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Екіншіден, егер ол балаларға психологиялық көмек беріп, сауықтыру жұмысын еш жүргізбесе, ол балалардың есейген кезде бала күнінде көрген тұрмыстық зорлық-зомдылықты қайталауы мүмкін», – дейді Шолпан Әйтенова. 

Сарапшы бұған қоса, бұл балалардың статистикада иденфикацияланбағанына назар аударды. Дағдарыс орталығына келген балалар арнайы әлеуметтік қызмет алушылар есебінде тіркеледі. Оның пікірінше, отбасындағы зорлықты көрген куәгер балаларды анықтау өте маңызды. Сондықтан олар үшін жеке психологиялық оңалту бағдарламасын әзірлеу қажет екенін атап өтті. 

Бұған қоса, зерттеу нәтижесінде мемлекеттің былтыр отбасылық зомбылықпен күреске 4,5 млрд теңге жұмсағаны айтылды. Оның тек 1,5 млрд теңгесі ғана отбасылық зорлықтың алдын алу мен күреске жұмсалды. 

«Мемлекет отбасылық зорлықпен күресуге жеткілікті қаржы жұмсап отырған жоқ. Бұл талдау отбасылық зорлықпен күрес мемлекет үшін басымдық еместігін көрсетіп отыр. Себебі 1,5 млрд теңге үш түрлі бағыттағы шығыннан құралады. Атап айтқанда, дағдарыс орталықтарында зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсетуге 765 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ 744 млн теңге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімнің қызметін ұйымдастыруға жұмсалды. Ал бұл проблеманың алдын алу үшін 25 млн теңге мемлекеттік тапсырыс берілді», – деді аналитик. 

Айта кетейік, 2,9 млрд теңге - құқық қорғау және сот жүйесінің шығындары. Яғни, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және оған әрекет ету шараларының шығындары осы сомаға бағаланды.  

«Отбасылық зомбылықтың экономикаға залалы ІЖӨ 1-2 пайызына дейін құрайтын болады. Мәселен, 2021 жылдың мәліметіне қарасақ, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың залалы 2 трлн теңге дейін құрауы мүмкін. Зорлық-зомбылық құрбандары еңбек ресурсы ретінде экономикадан шеттетіліп, денсаулығына залал келеді. Сондықтан біз тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне экономикалық тұрғыдан қарауды ұсынамыз. Біздің заңнамада агрессор деген түсінік жоқ, жүйе тек орын алған жағдайда ғана әрекет етеді. Ал оның алдын алу үшін әрекет жасалмайды. Сондай-ақ құрбандармен жұмыс істеледі де, агрессормен ешқандай жұмыс жүргізілмейді», – деп қорытындылады Шолпан Әйтенова. 

Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зульфия Байсақованың пікірінше, үкіметтің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау шаралары мен оған бөлінетін қаржысы жеткіліксіз. 

«Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды ұсынамыз. Қазақстан 1998 жылы Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қол қойып, өзіне міндеттеме алды. Одан бөлек, Конституция сот шешімімен агрессорларға мәжбүрлеп жұмыс істетуге рұқсат береді. Біз бұл шараның орындалуын талап етеміз. Сондай-ақ агрессорлармен жұмыс жүргізілуі керек әрі заңнамалық базада ол жұмыстың түзету бағдарламасы ретінде бекітуі тиіс. Яғни құқық бұзушылық жасаған адам өз әрекетін түзеп, жауапкершілік алуы керек», – деді Байсақова.

Новости партнеров