Алматы қаласы сот орындаушылары алимент өндіру бойынша 16 мыңнан астам істі жүзеге асыруда. Оның 60%-дан астамы мерзімді өндіріп алу барысында тұр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
- Сондай-ақ борышкерлер алиментті өз бетінше төлейтін атқарушылық іс жүргізулер де бар. Алайда сот шешімдерін, соның ішінде алимент бойынша шешімдерді орындау көптеген қиындыққа байланысты тоқтап тұр. Мысалы, борышкердің қолма-қол ақшасының болмауы, жауапкердің тұрғылықты жерін белгілемеу, тұрақты жұмыс орнының жоқтығы, өндіріп алуға болатын мүлік және т.б, - деді Алматы қаласы Әділет департаменті атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету бойынша бөлім басшысы Әнуар Жексеков.
Алимент төлеуді қамтамасыз ету үшін борышкерлерді жұмысқа орналастыру қажет. Осы мақсатта мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.
Осылайша, 2023 жылы алимент төлеуден жалтарып жүргендер үшін 4 бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Оған 15 ірі компания өкілі қатысты. Олар 320 бос жұмыс орын ұсынды.
Биыл департамент барлығы 78 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты, 5 тәулікке дейін 81 әкімшілік қамау жазасы қолданылды. Алимент бойынша 4 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, сот орындаушыларының 4 ұсынысы анықтау органдарының қарауында.
- Алимент өндіріп алу бойынша барлық қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, борышкерлер 50 млн теңгеден астам берешек төледі, осылайша департамент сот актілерін орындау жөніндегі міндеттерді шешіп, алдағы уақытта да істердің әлеуметтік маңызды санаттарын нақты орындау үшін жұмыс істейтін болады, - деді Алматы қаласы Әділет департаменті атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету бойынша бөлім басшысы Әнуар Жексеков.
2023 жылы сот орындаушылар берешекті өтеу есебінен 3 жылжымайтын мүлік, 7 жылжымалы мүлік сатты, сол арқылы 20 млн теңгеден астам берешек өтелді.
Сонымен қатар 2023 жылы алимент бойынша әрекетсіздігі үшін 8 жеке сот орындаушысына лицензиясынан айыру туралы ұсыныс жіберілді, 4 сот орындаушысы жұмыс істеуге рұқсат құжатынан айырылды, 4-уі сот қарауында жатыр.
2023 жылы 27-ден астам отбасы қайта қауышып, алимент төлеу мәселесі жойылды. Сонымен қатар алимент өндірісін нақты орындау және борышкерлер мен өндіріп алушылар арасында ымыраға келу үшін сот орындаушылары көбінесе медиаторлардың көмегіне жүгінеді. 2023 жылы 116 бітімгерлік келісім жасалды.
Оқи отырыңыз: Темекі шегу мен алкоголь бас және мойын қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады