Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Көкжайлау» тау-шаңғысы курортының құрылысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Құрметті достар, қазақстандықтардың көпшілігін алаңдатқан Алматы маңындағы «Көкжайлау» тау-шаңғысы курортын салу мәселесі басты назарда. Қоғамда пікірталас тудырған мұндай маңызды мәселе салиқалы жауапты қажет етеді. Қоғамның мүддесін қорғап, жанашырлық танытқан қаламгерлерге айтар алғысым да шексіз. Өкінішке қарай, аталған бастама бойынша журналистерге жауап беруге мүмкіндігім болмады. Осы тақырып бойынша қысқаша түсініктеме беру мүмкіндігі енді ғана туды», - деді Ақтоты Райымқұлова.
Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша курорт құрылысы тоқтатылғанын еске салды.
«Мемлекет басшысы бұл мәселеде асығыстық танытпай, сарапшылардың талдауларын зерттеп, қала тұрғындарының пікірін ескеру қажет екенін атап көрсетті. Сол кездегі Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Көкжайлау» курортының құрылысы жобасын толықтыру және тоқтату қажет екенін айтқан болатын», - дейді ол.
Министрдің айтуынша, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі кез келген үкіметтік ведомство сияқты бірінші кезекте құқықтық нормативтік актілерді зерттеп дайындаумен айналысады.
«Көп жағдайда мәдени, спорт немесе туристік нысандарды салу туралы шешімді жергілікті атқару органдары: әкімдік, мәслихат, қоғамдық кеңес (болған жағдайда) қабылдайды. «Көкжайлау» курорты бұл аядан тысқары шығып, ол бойынша шешімді Президент қабылдады. Қазіргі сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бәрімізге белгілі. «Көкжайлау» жобасы тоқтап тұрғанын жеткізгім келеді», - деп жазды министр Ақтоты Райымқұлова facebook-те.
Бұғанға дейін, Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Көкжайлау» жобасын іске асыруға қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа түсініктеме берген болатын.