Жыл басынан бері 12 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

© Sputnik / Евгений Биятов
© Sputnik / Евгений Биятов
1991 жылдан бері елге 1 миллион 82,8 мың этникалық қазақ оралған. 2020 жылы Қазақстанда «оралман» термині «қандас» сөзіне алмастырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл басынан бері 12,5 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 12 501 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды.

Олардың басым бөлігі (76%) Өзбекстаннан келді. Атамекеніне оралғандардың 9,8%-ы Қытайдан, 6,8%-ы Түрікменстаннан, 2,5%-ы Моңғолиядан келген. Ал қалған 4,9%-ы басқа елдерден келді.

Этникалық қазақтар негізінен Алматы (28,4%), Маңғыстау (19,5%), Түркістан (13,8%) және Жамбыл (8,2%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,4%) қаласына қоныстанды.

Арасында жартысынан көбі, 55,2%-ы еңбекке жарамды. 27,1%-ы еңбекке қабілетті жасқа жетпеген. Ішінде 17,6%-ы – зейнеткер.

«Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңейі бойынша 11%-і жоғары білімді, 39,4%-ы орта кәсіби білімді, 45,7%-ы жалпы орта білімді және 3,9%-нің білімі жоқ», – делінген ақпаратта.

Айта кетері, 1991 жылдан бері елге 1 миллион 82,8 мың этникалық қазақ оралған. 2020 жылы Қазақстанда «оралман» термині «қандас» сөзіне алмастырылды.

Новости партнеров