Сенат депутаттары көпқабатты пәтер иелерінің меншік иелерінің бірлестігіне (МИБ) көшуді келесі жылға қалдыруды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кеше Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформаларындағы түйіткілді мәселелерді көтеріп, 1 шілдеден кейін қалай өмір сүру керектігі түсіндірілсін деп айтқан еді. Бүгін Сенат «Қазақстан Республикасына кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды.
«Заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаттары бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Оның ішінде жылжымайтын мүлікті рәсімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның қызметі мен құзыреті бойынша нормаларды нақтылау («Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңына түзетулер), көппәтерлі тұрғын үйлердің кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандарына көшу мерзімдерін 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту бар («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына түзетулер)», - деді Сенат депутаты Ерік Сұлтанов.
Депутаттардың дауыс беру нәтижесінде заң жобасына Сенат енгізген 6 түзету Мәжіліске қайта жіберілді.