Этносаралық, тілдік және әлеуметтік сипаттағы кез келген арандату әрекетінің жолы заң аясында қатаң кесіледі. Құзырлы органдар бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайтынын айтып, «қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол жоқ» деді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясына елдің түпкір-түпкірінен мүшелері жиналды. Министрлер, депутаттар мен Бас прокурор да Бейбітшілік және келісім сарайына келді. Алғаш болып сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасалып жатқан саяси реформаларды айтып, мұндай өзгерістерді жүзеге асыруда Ассамблеяның атқарар рөлі ерекше екенін атап өтті. «Аталған құрылым –бейбітшілік пен келісім идеясының өкілетті ұйымы» деген Президент, әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен байланыстыруы керегін айтты.
«Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап бөлуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы – бір бауырлас азаматтармыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген пікір ұшқары екенін айтты. Президенттің айтуынша, татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Шын мәнінде, «Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт» деді Тоқаев. Ал оның атынан Президент тағайындаған бес депутаттың бірі Геннадий Шиповских аталған құрылым әр ауданға барып, ауылдардағы жұмысты жақсарту керегін айтты. «Жергілікті тұрғындар арасында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау маңызды» дейді депутат.
«Қазақстан –әлем бойынша тұрақтылық, бірлік әрі дамудың нақты эпицентрі. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан рөлі өте зор. Әрине бүгін Президент аудандық орталықтарына барып, жұмыс жан-жақты істелу керегін айтты», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских.
Президент қазақ тілінің маңызына тоқталды. «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді» деген Мемлекет басшысы, қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі екенін айтты. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керегін атап өтті. Ассамблеяның мүшесі Ольга Спирина қазақ тілін тегін үйенту клубтары жұмыс істеп тұрғанын айтады.
«Ассамблеяның негізгі мақсатының бірі – қазақ тілін этносаралық сөйлейтін тілге айналдыру. Мемлекеттік тіл болғаннан кейін барлық қазақстандық қазақша сөйлеуі заңдылық. Сондықтан қазіргі уақытта көптеген жоба қолға алынып жатыр», – деді Қазақстан халқы Аассамблеясының мүшесі Ольга Спирина.
Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық қатынасқа қатысты кез келген арандатудың жолын кесеміз деді. Бас прокуратура, ІМ, ҰҚК бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды және заңға сай әрекет ететінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы әр азамат өз сөзі мен ісіне жауапкершілікті сезіну керегін айтты. Жиын соңында Президент халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн бірнеше адамды марапаттады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана