Қазақстанда виртуалды ұялы байланыс операторы пайда болуы мүмкін

Almaty TV
Almaty TV

Оның әмбебап SIM-картасы жақын тұрған кез келген антеннадан байланыс сигналын алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда виртуалды ұялы байланыс операторы пайда болуы мүмкін. Яғни, әмбебап сим-карта жақын орналасқан кез келген антеннаға қосылып жұмыс істей береді. Байланыс туралы заң жобасын таныстырған мәжілісмендер радиофобиясы бар тұрғындардың да мәселесін осы құжат арқылы шешеміз деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Мәжіліс қабырғасында «Байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Осы салаға жауапты екі бірдей вице-министрдің келгені сол еді, журналистер Алматыда болған жер сілкінісі кезінде жұртқа неге төтенше жағдай туралы хабардың уақытылы келмегенін сұрады. Асхат Оразбектің айтуынша, бір уақытта бүкіл байланыс операторлары арқылы хабарлама жіберілген. Бірақ СМС-тің жетуі кешеуілдеген. Енді  ведомстводағылар бұл проблеманы жүйелі түрде шешеміз деп бекініп отыр.

– Бұл мәселені жүйелі шешеміз. Енді жедел хабарлама жүйесін іске қосамыз. Яғни, сіздің телефоныңыз қосылып тұрса, ол хабарлама лезде келетін болады. Смартфон дыбыссыз режимде тұрса да, ол хабарламаны естисіздер. Бүгін байланыс туралы заң бірінші оқылымда мақұлданды. Енді екінші оқылымға азаматтық қорғау заңына жедел хабарлама жіберу туралы норма енгізуді көздеп отырмыз, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.

Вице-министр айтып тұрған заңның екінші оқылымы келесі айда қаралуы мүмкін. Құжатты таныстырған Екатерина Смышляева елде виртуалды байланыс операторын енгізуді ұсынып отыр. Депутаттың сөзінше, қазір оны пайдалану бойынша халықаралық тәжірибе қалыптасқан. Олар қазір жұмыс істеп тұрған байланыс операторларынан трафикті жалға алады.

– Оның ерекшелігіне тоқталсақ, олар операторлардың шектеусіз санымен келісімшарт жасай алады, яғни барлық оператормен шарт бекіту мүмкіндігі болады. Сондықтан оның әмбебап SIM-картасы жақын тұрған кез келген антеннадан байланыс сигналын алады. Мұндай карталарға арналған тарифтер біршама қымбатырақ болады, сондай-ақ бүкіл ел бойынша үздіксіз байланысқа мүмкіндік жасалады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Заңда радиожиілік спекторын қайта қарау, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп нысандарында байланыс қызметтерін субсидиялау және байланыс инфрақұрылымы үшін орындарды бас жоспарға енгізу сынды бөлімдер бар. Енді байланыс операторларының антенналары тұрғын үйлердің төбесіне емес, жанына арнайы жер бөлініп, сонда тұруы керек деген сөз.

– Енді байланыс операторларының антенналарына арнайы жер бөлінетін болады. Тұрғын үй салынарда осы мәселе басты назарға алынады. Егер жер мемлекеттің атында болса, конкурссыз алынатын болады. Осылайша, радиофобиясы бар адамдармен мәселе шешіледі, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Депутаттың сөзіне сенсек, заң жобасы қабылданған жағдайда байланыс желілерінің құрылысы жеделдейді. Екіншіден, қызмет сапасы жақсарады, қамту аймақтары кеңейеді. Үшіншіден, байланыс операторлары арасында бәсекелестік дамиды. Төртіншіден, жаңа спутниктік байланыс жұмыс істей бастайды.

Айта кетейік, бүгін мәжілісмендер заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Динара Шүкіжанова Мәжілістен өз еркімен кетті

Новости партнеров