Бұл туралы Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Диас Ахметқалиев әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте мәлімдеді. Оған Алматы қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Төрехан Исин, «Алматы қаласы құтқару қызметінің» басшысы Дмитрий Чухонцев қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
16 ақпанда Алматы қаласында арты қарға ұласқан жаңбыр жауа бастады. Қаланың арнайы қызметтері қар тазалау жұмыстарын жүргізуде. 600-ден астам қар тазарту техникасы мен 2500-ге жуық жол жұмысшыларының жұмысы ұйымдастырылды.
Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары Д. Ахметқалиев хабарлағандай, 50 инспектор жаяу жүргіншілер жолдары мен жаяу жүргіншілер жолағының қардан тазартылғанын бақылайтын болады.
«Қаланың жаяу жүргіншілер жолағы бөлігінде тексеру жүргізілуде. Бұл жұмыс аудан әкімдіктері, абаттандыру бөлімі, коммуналдық қызметтер мен Жасыл экономика басқармармасының бақылауында. Жер асты және жер үсті жаяу жүргіншілер аймағы және тротуарларда қарды тазалау және жинау жұмыстары бір тәулік ішінде аяқталады», - деп хабарлады Д. Ахметқалиев.
«Алматы қаласының құтқару қызметі» МКК басшысы Д. Чухонцев қала тұрғындарын қар қалың жауған кезде, өтпелі жолдармен жүру кезінде сақ болуға, құлайын деп тұрған ағаштарға жақын жерде көліктерді қалдырмауға шақырды.
Еске салсақ, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев 16 ақпан күні қала көшелерін аралап, қар тазалау бойынша жұмыстарды тексерді. Қаланы қардан тазарту жұмыстары биліктің бақылауында.