Нұр-Сұлтанда қазақтың даңқты палуаны, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы, әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш орнатылды. Ескерткіш спортшы құрметіне аталған жекпе-жек сарайы аумағына қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv
Мүсін қоладан құйылған, биікті 3 жарым метр, ал тұғырымен есептегенде 7 метр. Өшпейтұғын артына із қалдырған өнегелі тұлғаның медальдары да кеудесінде кескінделген. Ашылу салтанатына спорт саңлағының көзін көргендер, тірісінде сыйласқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ет жақындары қатысты.
«Көп рахмет! Халыққа ризамын. Спорт министріне рахмет. Ризамыз! Жакең өзі жоқ болса да, халықтың есінде жүреді деген ойдамын. Оның еңбегі халықтың есінде деп ойлаймын»,– деді Ж. Үшкемпіровтің жары Күлпан Үшкемпірова.
«Нұр-Сұлтанда Жақсылық Үшкемпіров мектебі ашылады. 2022 жылы деп жоспарлап отырмыз. Ондай Қазақстанда жоқ мектеп, болмаған әлі. Бірінші рет ашайын деп жатырмыз күрес мектебін. Басты мәселе – жас балаларды спортқа тарту, дене шынықтыруға тарту. Жақсылық Үшкемпіров аталарындай Олимпиада чемпиондары көп болсын, еліміздің батырлары көп болса екен деп. Өйткені барлығы жастарымыздың қолында»,– деді Ж. Үшкемпіровтің ұлы Жандос Үшкемпіров.
Ескерткіштің ашылу салтанатында мәдениет министрінен бастап сөз сөйлегендердің барлығы Жақсылық Үшкемпіровтің ізгі істері мен адами қасиеттерін тебірене еске алды. Оның спорттан бөлек, туған еліне жасаған жақсылығы ұшан теңіз.
«Жаке сондай момын кісі болған. Күліп қояды, ақылын айтады. Бірақ жұлдыз болған жоқ. Бірақ Совет кезінде Олимпиада кезінде Жакең 29 жаста. Соған қарамастан мінез бар ғой, барлық бәсекеден өтіп, бірінші орын алып, СССР құрамасына кіргеніне біз қуандық. Жакеңнің жаңа мәңгілік өмірінің басы. Оны ешқашан ұмытпас. Әсіресе Жакеңнің атындағы спорт кешенінінен талай Олимпиада чемпиондары шығады деп сенім білдіремін»,– деді Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев.