Танымал актриса, тележүргізуші Жұлдыз ӘбдікәрімоваТүркістан облысында шу шыққан лагерьге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Massaget.kz -ке сілтеме жасап.
- Қылмыстың ең ауыры - балаға жасалғаны! Мына оқиға болғалы бері жаным жай таппай жүр. Шардара ауданының 600 оқушысын тегін лагерьге жинап алып, білгендерін істеген. Қатқан нан, ашып кеткен тамақ беріп, ол аз десеңіз ұрып-соққан. Тәрбиеші мұғалімдері мас күйде жүрген. Балаларын алып кетуге келген ата-аналарды лагерьге кіргізбей әурелеген. Енді келіп лагерь басшылары бір балаға бөлінген "30 мың теңге тым аз болғандықтан осылай болды" деп ақталуы ақылға сыймайды! - деп жазған ол.
Өнер иесі балаларға қатысты хабар тарататындарға ескерту жасады.
- Тағы бір мәселе осы балаларға қатысты хабар таратқанда "жағдайы төмен", "толық емес отбасының балалары" деп жар салмаңыздаршы. Ал солай анықтап айтасыздар ма балалардың түрін көрсетпеңіздер! Тіпті ата-анасының рұқсатымен болса да. Бұл - тым қатыгездік! Іс қозғалсын деп талап ететін жағдай осы, ағайын! Бір күндік жаңалық үшін шулап басылуға болмайды. Құзырлы орган, Оқу-ағарту министірлігі, облыстық, аудандық Білім басқармаларынан қадағалауды, жауаптылардың жазалануын осы кезде талап етейік! - деп жазған актриса.