Маңғыстаулықтардың көбі өңірге қоқиқаздардың келіп тұратынын білмейді – блогер

Назым Қыдырбайқызы
Маңғыстаулықтардың көбі өңірге қоқиқаздардың келіп тұратынын білмейді – блогер
Қоқиқаздар жылына екі рет Қаракөлге келіп тыныстайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Белгілі блогер Азамат Сәрсенбаев Ғacebook әлеуметтік желісіне квадрокоптермен түсірілген қоқиқаздардың видеосын жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі. 

Оның айтуынша, қоқиқаздар жылына екі рет Қаракөлге келіп тыныстайды.

«Маңғыстауға қоқиқаздар жылына екі мәрте келеді. Ақпан айының аяғында келіп, сәуір айының ортасына дейін Маңғыстауда болады. Одан кейін жұмыртқалау үшін Ақмола облысындағы Қорғалжынға барады. Сол жақтан қыркүйек айының соңына қарай қайта ұшып келіп, қараша айының ортасына дейін Қаракөлде демалады. Содан соң Иран мен Түркіменстанға ұшып кетеді», – дейді блогер Азамат Сәрсенбаев.

Оның айтуынша, әлемде қоқиқаздың түрі өте көп. Олар топтанып тіршілік етеді. Тіпті бір ұяға 2-3 жұмыртқадан кезектесіп басып шығарады екен. 

«Бұлар жай түріне жатады. Негізінде, қоқиқаздың түрі өте көп. Мысалы, Африкада, Сауд Арабиясында, Францияда, Мальдив аралдарында лакациясына байланысты қоқиқаздың әртүрі мекендейді. Олар топ-топпен жүреді. Бір келгенде 500-600-і келеді. Олар бірін-бірі күтеді», – дейді блогер.

Маңғыстаулықтардың 90 пайызы қоқиқаздың келіп тұратынын білмейтін көрінеді. Блогердің ойынша, халықтың бұл құсты білмегені де дұрыс. Себебі тұрғындардың қоршаған ортаны қорғау мәдениеті әлі дамымаған.

«Маңғыстаулықтардың көбі өңірге қоқиқаздардың келіп тұратынын білмейді. Қоқиқаз  экзотикалық құс. Ол жерге тұрғындардың бармағаны да дұрыс деп ойлаймын. Себебі демалыс орындарына барып жатамыз, кей адамдар жеп-ішкен қоқыстарын шашып кетіп жатады. Маңғыстауда қоршаған ортаға деген мәдениет әлі дамымаған. Мысалы, көл бетінде жүзіп жүрген үйректерді біздің жігіттер қайықпен басып-жаншып өтеді. Итбалықтың демалушылардың құрбанына айналғанын білесіз. Қоршаған ортаны аялау дегенді білмейді», – дейді ол.

Айта кетейік, қоқиқаз дүниежүзіндегі бойы ең биік, аяғы мен мойны ұзын құс болып есептеледі. Бойының биіктігі 91 – 120 сантиметр. Ал салмағы 4,5 кг болады.


Новости партнеров