Сенаторлар бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны 1 жарым жасқа дейін ұзарту туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл құжатта сондай-ақ, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас етіп бекітілді. Ал өзіндік ерекшелігі бар тауарларға қатысты құжатты жоғарғы палата депутаттары Мәжіліске қайтарды.
Елімізде бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Бұл норма бүгін Сенат қабылдаған заңда қамтылған. Құжатта сондай-ақ, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру және «жастар» ұғымының жас шегін 29-35 жасқа дейін ұлғайту сынды түзетулер жазылған. Бұдан бөлек, заң аясында 1 кодекс пен 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
«Тағы бір үлкен мәселе Президент келесі жылдан бастап өзінің кәсібімен айналысатын жастарға 2,5 пайызбен несие беру жөнінде тапсырма берді. Міне енді осы мәселеге барынша көңіл бөлу керек. Өйткені көп жастар өз құқығын біле бермейді.Осы мәселеге де мұқият болсақ, жастардың өз кәсібімен айналысуға мүмкіндігі болады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Бұл құжатта жастардың білім алуы, жұмысқа орналасуы, денсаулығы, өзін-өзі дамытуы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасау сынды бағыттар қамтылған. Аталған заң жобасын қабылдау жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деп сендірді Дархан Қыдырәлі.
«Бұған дейін НИИТ санатындағы жастар айқындалған жоқ. Және олардың мына саны индекске енген жоқ. Енді бұлардың барлығы толық қамтылатын болады. Сонымен қатар, мына жастардың отбасы банкімен жеңілдік алу мәселесі қаралды. Және оның мөлшері ұзартылады. Жаңа айтылды 35 жасқа дейін алуға болады», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Сонымен қатар, аталған заң жобасында әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деп бекітілді. Осылайша бүгін сенаторлар жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Ал өзіндік ерекшелігі бар тауарлармен байланысты құжатқа түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы