Сенатор Ақылбек Күрішбаев ГМО өнімдеріне тосқауыл қоюға қатысты ұсыныстар айтты

Фото: world-nan.kz
Фото: world-nan.kz
Ол өз сөзінде жақында қауіпті вирус табылды деген себеппен қазақстандық томат пен бұрыш өнімдерін Ресейге кіргізуге тыйым салынғанына назар аударды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Палатаның жалпы отырысында өсімдіктер карантині бойынша отандық зертханалардың жұмысы сын көтермейтінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ол өз сөзінде жақында қауіпті вирус табылды деген себеппен қазақстандық томат пен бұрыш өнімдерін Ресейге кіргізуге тыйым салынғанына назар аударып, бұған зертханалардың аталған бағыттағы мардымсыз жұмысы да себеп болғанын жеткізді.

«Мұндай сауда соғысында тауардың сапасын ғылыми тұрғыдан растау басты дәлел болып саналады. Ал біздің зертханалық базамыздың жағдайы ешқандай сын көтермейді. Он жыл бойы біз өсімдіктер карантині бойынша зертхананы жөнді ұйымдастыра алмай келеміз. Не заманауи база, не зерттеудің қазіргі әдістерін меңгерген кәсіби мамандар жоқ», – деді А. Күрішбаев.

Осы ретте депутат бұл жұмысқа жауапты лауазымды тұлғаларға өз кеңесін берді.

«Мәскеуге барып, Бүкілресейлік өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институтының қалай жұмыс істейтінін көрсеңіздер, біздің қаншалықты артта қалғанымызды түсінер едіңіздер», – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, елімізде гендік модификацияланған организмдер (ГМО) өнімдерін зерттеу жүйесіндегі жағдай да осындай. Сондықтан Қазақстанға гендік модификацияланған тамақ өнімдерінің және тұқымдық материалының кіру қаупі өте жоғары.

«Бұл мәселелердің экономикамыз және азаматтарымыздың денсаулығы үшін аса маңызды екенін ескеріп, сараптамалық қызмет көрсететін барлық зертханаларға ревизия жүргізген жөн деп есептеймін. Сондай-ақ оларды заманауи деңгейде кадрлық, техникалық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етіп, еліміздегі сараптама жүргізетін мекемелерді жаңғыртуға қатысты тиісті шаралар қабылдау қажет деп санаймын», – деді Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Новости партнеров