Қылмыстық атқару жүйесі комитеті жазаны өтеу мекемесінде алғаш рет болған оқиғамен бөлісті.
Шығыс Қазақстан облысында түрмеде отырған ер адам трансплантация операциясына қатысып, өз баласын құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Медициналық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкері, әділет майоры Гүлжан Мұсабаеваның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын комитетке жазасын өтеп жатқан ер адамның жұбайы өтініш жолдады.
Келіншек хатында шұғыл түрде бүйрек трансплантациясын қажет ететін төрт жасар ұлына донорлық көмек көрсетуді сұрады.
«Ішкі органдарды трансплантациялау науқас адамның ағзасымен үйлесетін дені сау донордың болуын білдіреді. Ондайда биологиялық ата-аналардың өздері донор болып алады», – дейді Гүлжан Мұсабаева.
Сол кезде баланың туған әкесі Шығыс Қазақстан облысындағы орташа қауіпсіз мекемеде жазасын өтеп жүрген.
«Баланың ауыр хәлін ескере отырып, біз дереу сотталғанды тиісті сараптамалардан өткізуге кірістік. Оған Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы көмектесті. Бала да сол жерде күтіп жатқан. Біз сотталғанды елордаға жеткіздік. Ал диагностикалық іс-шаралар оның ағзасын трансплантациялауға болатынын көрсетті», – деп еске алды әділет майоры.
Ота сәтті өтті. Екі пациенттің жағдайы жақсы. Сотталған жазасын одан әрі өтеу үшін колонияға қайта жеткізілді.