|
18.02.2021 | 12:59
1564

Депутаттар Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде мерекелеуді ұсынды

Сонымен қатар, Алаш ардақтысы туралы деректі фильмдерді толықтырып жаңарту және ұлт ұстазына арнап көркем фильм түсіру керек екенін айтты

Депутаттар Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде мерекелеуді ұсынды Абзал Калиев

Сенаттың бір топ депутаты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде мерекелеуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

«Алдымызда мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының рухани көсемі, қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы, ғұлама, ел тарихында өшпес із қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы тұр. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын әлемдік деңгейде тойлау еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттырады. Ұлт ұстазының ізбасарлары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың 100 жылдық мерейтойлары, серіктесі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО шешімімен  дүниежүзілік деңгейде аталып өтті», – деді Алтынбек Нұхұлы үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында.

Осыған байланысты депутаттар үкіметке 2022 жылдың 5 қыркүйегінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту үшін арнайы хат дайындап, тиісті жерге жіберуді қамтамасыз етуді ұсынды.

Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлына елордадағы көшесінің бойынан еңселі ескерткіш тұрғызу қажет деп санайды. Мұндай сәулет ескерткіштер, депутаттың айтуынша, өзі қызмет еткен Қызылорда, Семей, Алматы қалаларында бой көтеруі тиіс.

Бұдан бөлек, Қостанай облысының әкімдігіне ғұламаның кіндік қаны тамған, қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ауылға баратын жолды жөндеуді, әкесі Байтұрсын мен ағасы Қали жатқан бейітте кесене көтеруді, ауылды абаттандыру арқылы музей үйін заманауи қалыпқа келтіруді тапсыруды ұсынды.

Сонымен қатар, Алаш ардақтысы туралы деректі фильмдерді толықтырып жаңарту және ұлт ұстазына арнап көркем фильм түсіру керек екенін айтты.

Ахметтану саласында Ахаңның көп қырлы еңбектерін алыс-жақын шетелдік мұрағаттардан жинап, жаңадан көптомдығын шығарып, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар арқылы ғұламаның ғұмырбаяны мен шығармаларын кеңінен насихаттау қажет.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир