Әйел адамдарға арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының қашан басталатыны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv «Отбасы банкі» Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Банктің мәліметінше, ипотекалық бағдарлама 12 сәуірде басталады. Бағдарламаға «Ұмай» деген атау берілген. Жаңа бағдарламаның арқасында қазақстандық келіншектер несиені 15 пайыз бастапқы жарнамен немесе депозитке ақша жинамай-ақ рәсімдей алады.
«Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі 12 пайыз және алдағы уақытта, яғни тұрғын үй қарызына ауысқан кезде несие мөлшерлемесі 3,5 пайызға дейін төмендейтін болады. Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 30 млн теңгеге дейін», – дейді банк өкілдері. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысу үшін отбасының жалпы айлық табысы 320 мың теңгеден аспауы тиіс екені атап өтілді.
Егер отбасы табысы 200 мың теңгеден аспайтын болса:
Несие сомасы - тұрғын үйді бағалау құнының 85% - дейін.
Мысалы, пәтерді бағалау құны 10 млн. теңге болса несиеге 8,5 млн. теңге дейін алуға болады
Егер отбасы табысы 320 мың теңгеден аспайтын болса:
Несие сомасы - тұрғын үйді бағалау құнының 80% - дейін.
Мысалы ,пәтерді бағалау құны 10 млн. теңге болса несиеге 8 млн. теңге дейін алуға болады
Сондай-ақ, «Ұмай» әйелдер ипотекасы бойынша тұрғын үйді алғашқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады. Одан бөлек жөндеу жұмыстарына 3,7 млн теңгеге дейін алу мүмкіндігі бар. Айта кетсек, бұл бағдараламаға қатысатындардың атында баспанасы бар-жоғы тексерілмейді. Несие шартының ең ұзақ мерзімі – 25 жыл. Егер клиенттің табысы жеткіліксіз болса онда кез келген бір-екі адамды қосалқы қарыз алушы (заемшы) ретінде шақыруға болады.