25 маусымда ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Қазбек Шайх тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалғанын алға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қала тұрғындарының әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы күн санап жақсарып келеді. Осы орайда көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектердің маңызы өте зор. Шаһар басшысы біздің де, тұрғындардың да пікірімен санасып отыр. Жалпы тұрғындардың жағдайын тұрақты ету үшін экономикалық қауымдастықтарды дамытуымыз керек. Тек қала билігі емес, тұрғындардың тарапынан да талпыныстар болса, біздің алар асуымыз көп. 2 миллион халқы бар мегаполисті басқару оңай емес. Егер тұрғындардың инициативасына сәйкес экономикалық қолдау көрсетілетін болса, көптеген әлеуметтік мәселелер оңай шешіледі. Өйткені бір адамның мәселесі шешілсе, бір отбасының жағдайы тәуір деген сөз. Ал, бір отбасы бақытты болса, ештеңеден тарықпай, материалдық жағдайы жақсы болса – еліміздің экономикасының да оң көрсеткіші. Тұрғындар мүмкіндікті пайдалана білсе, жайлы өмір сүру үшін қолдау да, көмек те жеткілікті. Қала басшылығы да осы екі тараптың талап-тілегін ескере отырып әрекет етіп жатқаны мәлім», – деді Қ. Шайх.