1 мамыр – қазақстандықтар үшін ерекше мереке! Әсіресе, Кеңес үкіметінің күшімен елімізге жер аударылған өзге ұлт өкілдері бұл мейрамды айрықша атап өтеді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1930-40 жылдары қаншама этнос өкілдері Қазақстанға күштеп көшірілді. Небәрі екі сағаттың ішінде жүгін жинап, тауар таситын пойыздармен 1 ай бойы жолда болған халықтардың бастан кешкен оқиғалары бүгінде тарих тұңғиығына кетті.
Ауылға қайта ораламыз деген үмітпен қораның есігін құлыптап кетті...
Алматы облысында тұратын Асанпаша ақсақал анасының жер аударылар алдында ауылына қайтып келеміз деген үмітпен мал қорасын құлыптап жатқанын жүрегі ауыра еске алады. 1944 жылдың қараша айында Грузиядан Қазақстанға жер аударылған түріктердің бірі – дәл осы Асанпаша Ағададиұлының отбасы еді. Ол кезде небәрі 7 жаста болған бала бүгінде 82 жастағы ақсақал. 75 жыл өтсе де зұлмат кез оның әлі күнге дейін көз алдында. Оларды тоталитарлық жүйенің әмірімен әскерилер күштеп көшірген. Ал, ер азаматтар бұл кезде кеңес үкіметі армиясының құрамында соғысып жатқан-ды. Ауылда қалған қариялар мен бала-шағаның кейбірі аз уақыт ішінде керек-жарағын алып үлгермеген де... Асанпашаның да бұл кезде әкесі қайтыс болып кеткен. Тек анасы мен бауырлары ғана шамасы жеткен заттарды өздерімен бірге алыпты.
«Көлікке жүк тиеу керек. Небәрі екі-ақ сағат уақыт берді. Екі сағаттың ішінде көшуің керек. Кейбір адам көрпе-төсегін алып үлгерді, кейбірі алып үлгерген жоқ. Сонымен апыр-топырын шығарып, екі сағаттың ішінде ауылдан алып кетті», - дейді Асанпаша Ағададиев.
Осылайша дүйім жұрт туған ауылдан алыстап кете барған. Сорақысы сол, жүк тиейтін әр вагонға 10 шақты отбасыдан жайғастырған. Қазақстанға жеткенше бір ай бойы ұзақ жол мен суыққа шыдай алмаған талай жанның өмірі жол үстінде қиылыпты. Осылайша 1944-жылдың желтоқсанында Ағададиевтер отбасы Алматы облысына келеді. Өгіз арбамен Алматыдан Киікбай деген ауылға қалай жеткені де есінде. Бұл ауылда 2 жыл қыстап, одан кейін Тұздыбастау ауылына көшіп, бүгінге дейін осы елдімекенде тұрақтаған.
Бүгінде қарияның көрсе көз тояр үлкен әулеті бар. 6 ұл 5 қызынан тараған немере-шөбересінің қанша екенін тіпті, санауға қорқады. Қарияның тек бір ғана арманы – біз көрген қиыншылықты ұрпағымыз көрмесе дейді.
Бізді өлтіруге алып бара жатыр, өздеріңмен ешнәрсе алмаңдар деді...
Ал, Сұлтан Оздоев қазір Ингушетияға барып, туған жердің топырағын қалаған уақытында баса алады. 1944 жылдың аязды ақпанында аға-әпкесімен бірге Кавказдан жер аударылған жетім бала, бір кездері туып-өскен жеріне қайтып барамын деп тіпті ойламаған. Ол кездердің естеліктері ауыр. Себебі, бұл халықтарды үйлерінен айырып қана қоймай, оларды отанын сатқандарға теңеді.
«Бізге екі сағат уақыт берді. Солдаттар бізді суық жаққа алып кетеді, жылы киімдеріңді алыңдар деді. Ал, үлкен әпкем болса ешнәрсе алмаңдар, бізді өлтіруге алып бара жатыр деді. Қазақстанға келген соң мұндағы халық бізге жылы киімін, тамағын берді. Тез сіңісіп кеттік», - дейді ҚХА кеңесінің мүшесі Сұлтан ОЗДОЕВ.
Депортация соғыстың алдындағы жылдары басталды. Кеңес Одағының авторитарлық билігі өзі «сенімсіз» деп тапқан халықтарды атамекендерінен айырып, күштеп көшірді. Осылайша, 1936 жылы поляктар мен немістерді жаппай депортациялау басталды, ал 1937 жылы Қиыр Шығыс аудандарынан кәрістер көшірілді. Дәл осы кезде Қазақстанға күрділер, армяндар мен түріктер жер аударылды. 1943-1944 жылдары Қазақстанға Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері: қалмақтар, балқарлар, шешендер, ингуштер, қарашайлар мен түрік месхеттері келді. Әбден жүдеп, сағы сынған хылықтарды мұнда аштық пен репрессиядан аман қалған жұрт қарсы алды. Жергілікті халық жер аударылғандарға түсіністікпен қарап, қолдан келгенше көмек көрсетті. Қиын-қыстау кезеңде тамағын бөлісіп, баспанасын берген ағайынды өзге ұлттар ешқашан ұмытпақ емес.
Мен енді қазақтардан ешқашан бөлінбеймін
Қазақстанға келгенде алғашқы 6 жылды қазақ әйелдің үйін паналадық деген Асанпаша ақсақал қазақтан ешқашан бөлінбеймін дегенді айтты.
«Қазақ халқына тек алғыстан басқа айтарым жоқ. Бізді бөлген жоқ. Келгеннен бауырларына басты. Мен қазақтардан енді бөлінбеймін, барлық істе бұл халықпен біргемін. Біз түбі бір түркі халықпыз», - дейді Асанпаша Ағададиев.
1 мамыр күні жер аударылып келген отбасылар өз әулеттерімен бір дастархан басында жиналады. Дәстүр бойынша үлкендер зұлмат жылдардан қалған естеліктерімен бөліседі.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Әшімжанов, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы.