«Бір айдың ішінде заңнамаға түзетулер әзірленсін». Осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы қайғылы оқиғаға түрткі болған келеңсіздіктерді анықтауға тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысының айтуынша, кредиторлар мен проблемалық қарыз алушылар арасындағы қатынас заңды түрде жетілдірілуі керек. Осы ретте елімізде ашық және бірыңғай сот тәжірибесінің болуы маңызды. Ал банктердің кепілдік саясаты мен бағалау қызметі және жеке сот орындаушыларының жұмысы реттелуі тиіс. Ол үшін бір ай ішінде Үкіметке, Ұлттық банкке және қаржылық реттеу агенттігіне заңнамаға енгізілуі тиіс түзетулерді әзірлеу міндеті қойылды. Олар жоғары білікті мамандар, сарапшылар мен қоғамның талқылауынан өтіп, келесі жылдан бастап күшіне енеді деді Президент.
«Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Полиция мен сот орындаушысы қызметтік міндетін орындады. Бірақ өкінішке қарай, қайтыс болды. Себептері қандай болмасын, олардың өмірін қиған адамды ақтауға болмайды. Өркениетті қоғамда кез келген даулар мен мәселелер тек құқықтық жолмен шешілуі керек. Сондай-ақ болған қайғылы оқиға егжей-тегжейлі саралауды қажет етеді. Үкімет пен Алматы әкімдігіне қайғылы жағдайдан зардап шеккендердің бәріне, ең алдымен, әрине, балаларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырамын», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Алматыдағы Ақбұлақ шағынауданында жантүршігерлік оқиға болып, 5 адам қаза тапты. Ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келгендерге оқ жаудырған. Қайғылы оқиға кезінде бес адам, оның ішінде екі полиция қызметкері жан тапсырды.