Отандық танымал әнші Жазира Байырбекова анасының Альцгеймер дертіне шалдыққанын айтты. Өнер иесі көпшілікке жан сырын ақтарып, анасының бүгінгі жағдайымен бөлісті, деп жазады Almaty.tv тілшісі KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап.
Жазира Байырбекова қалың көпшілікке бұған дейін анасының дертіне қатысты ештеңе айтпаған. Алайда бұл жолы оқырмандарына бөлісуді жөн көрген. Эстрада жұлдызының сөзінше, дерт салдарынан анасы ертесіне болған нәрсенің барлығын ұмытып қалады екен. Дегенмен қарт ана мейірімділігін жоғалтпаған.
Әншінің айтуынша, ол әлі күнге дейін балаларына қамқорлық танытып жүр.
"Мен анамды кішкентай сәби сияқты қабылдап үйрендім. Анам бізбен кездескенде қатты қуанады. Ертеңіне есінде ештеңе қалмайды. Тіпті сол күні бір-екі сағаттан кейін ұмытып қалуы мүмкін. Әзірге 1 минут болса да қуана алатын жағдайы барына шүкір! Бұл да бізге беріп отырған Алланың мүмкіндігі ғой. Альцгеймер диагнозымен ауырса да, аузынан тек жақсы сөз шығады. Адамдарға тілек айтып, бата беріп, бетінен құшақтап, сүйе бергісі келе береді. Жүрегі мейірімге толы адам қандай жағдайда да мейірімділігін жоғалтпайды екен ғой. Анашым бізді дүниеге әкеліп, бағып қағып өсіргеніңіз үшін, тоғызымызды, әкемді баптау үшін ешқайда шықпай үйде болғаныңыз үшін рақмет! Алланың нұры жауа берсінші сізге. Ата-анаңыз Альцгеймер болса намыстанбаңыз. Қабылдап үйреніңіз", – деп жазды ол.