Жер реформасы: жайылым жетіспеушілігі мәселесін қалай шешуге болады

opiq.kz
opiq.kz
ҚР АШМ мәліметі бойынша ауылдық мекендердің малына 29 млн гектар жайылым жетіспейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда ауылдық мекендердің малына 29 млн гектар жайылым жетіспейді. Бұл мәселені Жер реформасы жөніндегі комиссияның Экономикалық жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаев көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазір ауылдық елді мекендердің ең өзекті мәселесінің бірі – олардың айналасындағы жайылым тапшылығына байланысты. Статистикалық мәліметке сәйкес, ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66 пайызы өндіріледі. Мал басының 60 пайызы осында. Өздеріңізге белгілі, ауылдағы ағайынның күнкөрісі де осы малға байланысты. Өкінішке қарай, бұл орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, ешқандай технологиялық процестерге тартылмай отыр. Мамандардың есебі бойынша, егер біз тек қана мал азығының сапасын көтерсек, елді мекендерде өндірілетін ет пен сүттің өнімділігі кем дегенде 30 пайызға ұлғаяды. Жұмыс тобының мамандары бұл мәселеге байланысты көптеген ұсыныстар енгізді. Ең негізгісі – ауыл шаруашылығында пайдаланбай жатқан жерлерді елді мекендерге қайтару», –  деді А. Күрішбаев Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында. 

ҚР АШМ мәліметі бойынша ауылдық мекендердің малына 29 млн гектар жайылым жетіспейді. Ал ұйымдастырылған шаруашылықтарда 33 млн гектар жайылым игерілмей жатыр. 

«Оған қоса, комиссияның өткен отырысында орман қорларында ерекше қорғалатын аймақтар шегінде 10 млн гектар жердің тиімсіз пайдаланып жатқанын айтқанбыз. Бірақ бұл мәселеде жұмыс істеп жатқан шаруашылықтарға ешқандай қысым, яғни жердің экспроприациясы болмауы керек. Оларға орнына басқа жайылымды жерлер беріп, жұмсаған шығынын өтеп беруіміз қажет. Сонымен қатар, ауылдардың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету өте маңызды. Біз ауылдарды қоғамдық жайылымдармен қамтамасыз етіп, мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін кооперативтер құрып, жаңа фермерлік шаруашылықтарды ұйымдастыруымыз керек. Жұмыс тобында жайылым туралы заңды күшейту, қосалқы шаруашылық туралы арнайы заң қабылдау ұсыныстары айтылды», –  дейді Ақылбек Күрішбаев. 

Қорытындылай келе, спикер мемлекеттің бұл мәселені қысқа мерзімде шешуге барлық мүмкіндігі бар екенін айтты. 

«185 млн гектар жайылымдық жері бар және осы көрсеткіш бойынша әлемде 5-орындағы ел бола отырып, ауылдық жердегі малды аш құрсақта қалдыру – кешірілмейтін әрекет. Аталған мәселені шешуде барлық деңгейдегі әкімдерге саяси ерік пен табандылық керек. Тіпті, бұл жұмыс әкімдердің қызметін бағалаудың негізгі көрсеткіші болуы керек деп санаймыз. Осы іске мемлекеттік аса маңызы бар ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз, өйткені сол ауылдарда тұратын көпшілігі – өзіміздің қазағымыз», –  деді жұмыс тобының басшысы.


Новости партнеров