Алматы коронавирустың таралу деңгейі бойынша «қызыл» аймақта, сондықтан мегаполисте кез келген бұқаралық іс-шара өткізуге тыйым салынады. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қалалық СЭБД Жанболат Мамайдың көпшілікті митингіге шақыру туралы мәлімдемесіне түсініктеме берді.
«Алматы қаласы «қызыл» аймақта болуына байланысты бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынаған. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген. Сондықтан ешқандай митингі өткізуге рұқсат жоқ», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұған дейін бейбіт жиындар туралы өтініштерді қарайтын уәкілетті органға бұл митингіге рұқсат беруден бас тартуға кеңес берілген. Түсініктемелері бар тиісті хат Жанболат Мамайға уақытылы жіберілгені хабарланды.