Алматыда оқушылар арасында роботтық техникадан халықаралық жарыс өтуде

Алматыда оқушылар арасында роботтық техникадан халықаралық жарыс өтуде
Бас жүлде алған жеңімпаз АҚШ-та өтетін дүниежүзілік чемпионатқа жолдама алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Смарт техникалар сайысы. Алматыда оқушылар арасында роботтық техникадан халықаралық жарыс өтіп жатыр. Байқауға еліміздің 16 облысынан және көрші мемлекеттердің өнертапқыштары қатысуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Білгірлердің бәсекесі оқушылар сарайында ұйымдастырылған. Бас жүлдеге ие болатын жеңімпаз, АҚШ-та өтетін дүниежүзілік робототехника чемпионатына жолдама алады.

Құлтемірдің құрылысын бес саусағындай білетін оқушылардың басы бір жерге бірікті. Биылғы сайысқа еліміздің білімгерлерінен бөлек Бішкек, Душанбе және Ташкент қалаларынан қатысушылар келген. Барлығы өздері жасаған роботтарының қауқарын арнайы алаңда көрсетпекші. Темірлан мен Ернұр Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары. Екеуі бұл жарысқа екі робот дайындап келіпті. Сыртқы келбеті бірдей болғанымен, құрылымы әр түрлі. Мәселен Темірлан Жармағамбетовтың командасы мына техниканы 3 аптада өз қолдарымен жасап шығарған.  

«Мына жерге ауыр салмақ түсетіндіктен, біз астыңғы дөңгелектерді қозғалмалы етіп жасадық. Соның арқасында робот ауып кетпейді. Ал мына жерге біз бағдарламаны орнатамыз. Осы арқылы техника басқарылады. Қозғалтқышы да қасында. Батареялары қос қапталында тұр. Әлсіреген жағдайда ауыстыруға оңай болады. Джойстиктері міне. Осындағы стикерлермен басқарылады»,– деді Алматы қаласы НЗМ ФМБ мектептің 10 сынып оқушысы Темірлан ЖАРМАҒАМБЕТОВ.

Ал, Ернұр Қуаныш достарымен бұл смарт техниканы 2 аптада жасаған. Айтуынша, өзгешеліктер көп. Қозғалтқышы, батареялары, кубиктарды жинайтын қалыбы және басқару жүйесі әртүрлі екен.  

«Қарап тұрсаңыздар, мұнда үлкен шынжыр. Ал, екеуі астында тұр. Одан да басқа брейн деген заты тұр. Бізде ол сырт жағында тұр. Өйткені біз мұнда салсақ, механизм оны басып сындырып қалушы еді», – деді Алматы қаласы НЗМ ФМБ мектебінің 8 сынып оқушысы ЕРНҰР ҚУАНЫШ.  

Жігіттер осы жылы ВЕКС санаты бойынша сайысқа түсіп жатыр. Егер жеңіп шықса, АҚШ-қа жолдама алады. Ол кезде екеуі бірігіп, бір команда болып бармақ. Жалпы, биылғы жарыс алты санат бойынша өтіп жатыр. Байқау басталмас бұрын, ұйымдастырушылар жарыстың ережесін түсіндіріп, командаларға сәттілік тіледі.

Бұл жерде оқушылар өздерінің техникаларын тексереді. Қауқарын қарайды. Егер қандай да бір олқылытар болса, бірден орнын толтырады. Яғни, жаттығу алаңы десек те болады. Ал жарыс міне дәл осы алаңда болады. Бұл жерде екі команданың 4 роботы ортадағы кубиктарды алып өздерінің бұрыштарына қою керек. Және де ойынның шарты бойынша ортадағы ыдыстарға да осы кубиктарды салу қажет. Оған бар-жоғы 1,5 минут беріледі.

Смарт техникалардың барлығын оқушылар жасап шыққан. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай шара елімізде осы саланы дамытуға септігін тигізеді.

«Мақсатымыз бір.  Оқушылардың осы білімге деген IT технологияға деген қызығушылықтарын арттыру. Және де Қазақстанның болашағында осындай саласы бойынша мамандар дайындау. Ең басты мақсатымыз осы», – деді ұйымдастырушы Аманжол БЕКТЕМЕСОВ.

Айта кетейін, робот техникасы бойынша халықаралық жарыстың өтуіне Алматы қаласы білім басқармасы және Тұран университеті мұрындық болған. Білгірлердің байқауы кеше басталды. Ертең жеңімпаздар анықталып, смарт техникасы оза шапқан командаға ақшалай сыйлық табысталады. Ал, ВЕКС санатының бас жүлде иегерлері АҚШ-та Қазақстан намысын қорғайтын болады.

Өмір Әнуарбек Рашид Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров