Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа оңалту орталығы ашылуы мүмкін. Мұндай ұсынысты бүгін мүгедектер қауымдастығы қала әкімімен кездесу барысында білдірді. Мүмкіндігі шектеулі жандар басқосуда өздерін толғандырып жүрген сауалдарын Бақытжан Сағынтаевқа ашық айтты, – деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірінші топтағы мүгедек Сағат Омарғалиев бүгін үйінен әдеттегіден ерекше киініп шықты. Ол Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесу үшін қалалық әкімдіктің алдына келіп түсті.
«Үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қала әкімінің ғимаратына келіп, дөңгелек үстелде отырып, өзіміздің мәселелерімізді қойып, әкімшілікпен бірігіп шешуге мүмкіншілік алдық. Бұл азаматтық қоғамның біздің қалада қалыптасып келе жатқанының нәтижесінің арқасы емес па?», – деді Сағат Омарғалиев.
Алматы қаласы әкімінің қатысуымен өткен жиында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі көтерілді. Оларға әлеуметтік инфрақұрылымның, кедергісіз ортаны қалыптастырудың маңыздылығы айтылды. Бақытжан Сағынтаев осы ретте жеке емдеу мекемелерімен жұмыс жасауды тапсырды. Тіпті кембағал жандарға арналған оңалту орталығы да ашылуы мүмкін.
«Оңалту орталығына келетін болсақ, ол оңай шару емес. Сондықтан барлық жағынан зерттеп қарау керек. Қажет болса, жобалық-сметалық құжат дайындайық. Бірнеше нұсқаны қарастырамыз. Мүмкін, оңалту ортылығына келетін бос ғимарат тауып, кеңейтуге болса, оны да ойлануға болады. Сондықтан, ұсынысты назарда ұстаймын», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Сағат Омарғалиев бүгінгі жиында сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кәсіппен айналысып, нәсібін айыру мәселесін көтерді. Айтуынша, базарлар мен сауда орталықтарында оларға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.
«Жеке кәсіппен айналысам деген жандар көп. Бірақ көп кедергінің бірі базарларда, сауда орталықтарындағы жалға беру бағасының тым қымбаттығы. Сол жағынан жеңілдік жасалса, қаншама азамат өз кәсібін ашып, жұмыс жасауына мүмкіндік алар еді», – деді «Altyn Time» қоғамдық ұйымының төрағасы Сағат ОМАРҒАЛИЕВ.
Жиынға келген барлық қалалық ұйым мен қауымдастық мүшелерінің мәселесін тыңдаған Алматы әкімі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жеке емдеу ұйымдарына бару мүмкіндігін қарастыруды және кембағал жандарға қаладағы ғимараттардың қолжетімділігіне тексеріс жүргізуді тапсырды.
«Бүгінгі жиынның қорытындысына келсек, барлық ұсыныстар жазылды. Ешбірі ескерусіз қалмайды. Қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады. Жұмыстардың атқарылу барысын сіздер де қадағалай аласыздар. Алдымен кезек күттірмейтін шаруалар шешіледі. Яғни, осы жылдың соңына дейін ұсыныстар бойынша жұмыс істейміз. Ал келесі жылдан бастап, жоспар бойынша жүретін боламыз. Жұмыстың нәтижесін бірге осылай кездесіп, талқылаймыз», – деді Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Бүгінде Алматы қаласында 43 мыңнан астам мүгедек тұрады. Олардың барлығына дерлік, мемлекет тарапынан қажетті көмекті алуға жағдай жасалған. Бірақ соған қарамастан әрқайсысы мемлекетке, елімізге аз да болса өз үлесін қосуды азаматтық парызымыз деп біледі.
«2005 жылға дейін мен аяқ-қолым бүтін, өз аяғыммен жүретін азамат болғанмын. Мемлекеттік қызметте, салық басқармасында істедім. 2005 жылы қайғылы оқиғадан кейін осылай арбаға таңылдым. Бірақ өз-өзіме келгеннен кейін егер ары қарай өмір сүретін болсам, өмірімді игі істерге арнаймын деп өзіме ант берген болатынмын», – деді Сағат ОМАРҒАЛИЕВ.
Өмірдің түрлі жағдайларына ұшырап, кембағал болған жандар – сіз бен біз секілді қоғамымыздың толыққанды мүшесі. Сол себепті оларға жағдай жасалып, барлық әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Ал алматылықтар оларға түсіністікпен қарауы керек деп жиынды аяқтады Алматы әкімі. Бастысы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі ескерусіз қалмайды.
Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы