Атыраудағы шағынауданда магистральды құбырдағы ақау жөнделіп, көпқабатты 87 үй мен мектепке жылу берілді. Мектептегі сабақ әдеттегі форматта өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv
Бұдан бұрын Атырау қаласының «Нұрсая» шағынауданындағы құбырдан ақау табылып, жылу беру уақытша тоқтатылғанын хабарлаған едік.
Сол себептен, шағынауданда орналасқан көпқабатты 87 үйдің тұрғындары түн ортасына дейін жылусыз отырды.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіровтің дерегіне сүйенсек, кеше, 26 желтоқсан күні сағат 11:30-да «Нұрсая» шағынауданында жылу беру жүйесі істен шыққан.
Магистральды жылу құбырының жалпы ұзындығы 3045 метрді құрайды. Ал диаметрі – 426 мм. Бұл құбыр мен көпқабатты 87 үй мен №40 орта мектепке жылу беріліп келген.
«Соның салдарынан 87 көп қабатты тұрғын үй мен №40 орта мектеп жылусыз қалған еді. Кеше, 26 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 23:50-де үйлер мен білім нысанына жылу беру толықтай қалпына келтірілді», -деді Темірлан Әубәкіров.
Ал, жалпы білім беретін №40 орта мектептің директоры Жанаргүл Атшыбаеваның айтуынша, бүгін, 27 желтоқсанда білім ордасында сабақ тоқтатылмаған. Оқушылар мектепке келіп, сабақ әдеттегі форматта өтіп жатыр. Оқушылар оқуларын офлайн форматта жалғастырып жатқанын айтты.
«АтырауЖылуЖүйелері» АҚ-ның бірініші вице-президенті-бас инженер Әлібек Темірғалиевтің айтуынша, магистральды құбырдағы ақауды жөндеу үшін дәнеккерлеу жұмысы атқарылған. Кейін жылу құбырын ыстық сумен толтыру процесі жүргізілген. Бұл жұмыстарды атқаруға аталған кәсіпорынның 15-ке жуық қызметкері мен 5 техникасы тартылған.
Дереккөз:ҚазАқпарат