Мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып жатқан үйлердің сапасы сын көтермейді. Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаевтың айтуынша, ондаған жылдар бойы кезек күтіп, баспанаға әрең қол жеткізген тұрғындардың өкпесі қара қазандай, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өйткені үйлерінің шатырынан су сорғалап, кірпіші құлаған, қабырғасы жарылып, едені опырылған. Төменгі палата отырысында сондай-ақ, Атырау – Астрахань автожолының созбалаңға салынған құрылысы, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау ісінде кеткен кемшіліктер сынды түйткілдер көтерілді.
Баспаналы болу қазақстандықтардың басты проблемасы екені анық. Алайда ең сорақысы, жылдар бойы армандаған, қомақты қаражат жұмсап қол жеткізген үйлер сапасының сын көтермеуі. Бұл мәселені Президент те үкіметтің кеңейтілген отырысында тілге тиек еткен еді. Жаңа үйлердің саны мен сапасын тексеруді тапсырған болатын.
«Талдап көрсек, сапасыз үйлердің басым бөлігі «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған және ипотека арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген. Бастапқыда құрылысқа берілген кепілдеме аясында жөндеп беріп отыратын мердігерлер мерзім аяқталған соң ат-тонын ала қашады. Өкінішке қарай, аталған тұрғын үй кешендерінде қаншама халық жанын шүберекке түйіп амалсыз өмір сүруде. Ертең сол үйлер құласа бұған кім жауапты болмақ?», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев.
Халық арасына шығып, мәселені көзбен көріп қайтқан депутаттар Үкімет басшылығына өз сауалдарын жолдап жатыр. Мәселен, Мақпал Тәжмағамбетова техникалық колледждердің мамандар даярлаудағы әдістемесінің өте ескі форматта болуын, заманауи мамандықтардың жоқтығын, колледждер мен ЖОО-ң арасында сабақтастық орнамағанын алға тартты.
«Оқу орындарында кәсіптік бағдарлау, еңбек нарығын зерттеу сынды шаралар жүргізілмейді. Сондықтан түлектердің басым бөлігінің дипломдары шаң басып қалады. Кез келген мамандық сыртқы ортамен, нарықпен тығыз байланыста болуы керек. Мысалы, автослесарь маман даярлайтын колледж базасында ТЖО жоқ екені, егер ТЖО болмаса, олар кімді, қалай дайындап жатыр деген сұрақ туындайды. Макарон өнімдерінің технологы мамандарын даярлайтын колледждердің базасында ешқандай өндірістің болмауы сапасыз мамандар қалыптастырады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова.
Сонымен қатар бірнеше жылдан бері құрылысы аяқталмай келе жатқан республикалық маңызы бар Атырау – Астрахань автожолына қатысты мәселе көтерілді. Депутат Нұрлыбек Ожаевтің сөзінше, тұрғындар әлі күнге күре жолдың азабын тартып келеді. Ол Үкімет басшысынан елдігімізге сын болған республикалық маңызы бар жобаға қатысты Үкіметтің нақты позициясын білдіруді сұрады.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан