Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақмарал Әлназарова өз сауалында жастардың денсаулығына қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сенатордың айтуынша, Қазақстанда 15 пен 24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастардың үлесі кем дегенде 20 пайызды құрайды. Демографиялық болжам бойынша, 2025 жылға қарай осы жас тобындағы халықтың үлесі өседі деп күтілуде. Алайда сенатор соңғы 3 жылда осы әлеуметтік топ ішінде жаңа АИТВ -инфекцияларының (ВИЧ) өсуі 43 пайыз болғанын атап өтті.
«Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, жасөспірімдердің тек 9 пайызының аурудың берілу жолдары туралы жан-жақты білімі бар, 60 пайызы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу әдістері туралы білмейді, ал науқас жастардың 62,6 пайызы өз бетімен емделген. Бұл қалыптасқан әдеттің ең көп таралатын салдары – бедеулік», – деді Ақмарал Әлназарова Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Сенат депутаты Қазақстанда жастардың 128 денсаулық орталығы жұмыс істейтінін жеткізді. Бірақ олар учаскелік емхана бөлімшелері түрінде ғана жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтардың дамуына кедергі болатындығын көрсетеді.
«Сізден халықаралық стандарттар негізінде жастарға қызмет көрсету бойынша сервистің одан әрі жетілдірілуі мен қол жетімділігі үшін жағдай жасауды, барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда заңды дербес жастар денсаулық орталықтарын құруды қарастыруды сұраймыз. Бұл толық және сапалы медициналық көмек көрсету, жастар арасында санитарлық-ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыру, тиісті көлемде қаражат бөлу үшін керек», – деді Ақмарал Әлназарова.