|
11.10.2021 | 14:45
1053

Алматыда 5G желісі қашан және қай аудандарда іске қосылады

Бүгінде 5G желісі әлемнің 42 елінде қолжетімді

Алматыда 5G желісі қашан және қай аудандарда іске қосылады Almaty.tv

Қазақстанда 5G желісі ең алдымен, елорда және Алматы қаласында пайда болады. Ал облыс орталықтарында 2023 жылдан кейін орнатыла бастайды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді. Алматылықтар жойқын жылдамдықпен жұмыс істейтін интернеттің қызығын қашан көре алады? Ол қаланың қай жерлерінде қолжетімді? Бұл сұрақтарға Almaty.tv тілшісі жауап іздеп көрген еді.  

Бүгінде 5G желісі әлемнің 42 елінде қолжетімді. Ол алдыңғысымен салыстырғанда 10 есе жылдам жұмыс істейді. Бұл желінің ауқымы кеңейсе цифрландыру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп салаларының жұмысын едәуір жеңілдетпек. Ұялы байланыс компаниясы мамандарының айтуынша, 5G-дің құрылғыға бір секундта бір толық метражды фильмді жүктеуге қауқары жетеді.

5G желісі Алматыда қазір белгілі бір аймақтарда ғана қолжетімді. Олардың бірі – қала тұрғындары жиі серуендейтін Панфилов көшесі. Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры мен Қарасай батыр көшесі аралығында 5G желісін қолдайтын ұялы телефон арқылы әлемдегі ең жылдам интернетті сынап көруге болады.

5G осы аптадан бастап Медеуде іске қосылады. Оны министрліктің қолдауымен отандық ұялы операторларының бірі қолға алған. Қалалық цифрландыру басқармасының сөзінше, мемлекет тестілеуге арналған жиілік диапазонын ұлғайтуға мүмкіндік берген. Ал ары қарай желі ұстайтын аумақты кеңейту ұялы байланыс операторларының қолында.

«Бейжің, Шанхай, Сеул сынды алып қалаларда 5G желісі енгізіліп, басқа да жаңа технологияларды енгізу қарастырылуда. Біз үшін де ең маңыздысы – қаланың технологиялық дамуы мен тұрғындар үшін сапалы қызметтер ұсынуға жағдай жасау. Осы орайда бізді ұялы байланыс операторлары қолдап отыр», – деді қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.

Ал ғаламторда 5G желісі станциясынан тарайтын электромагниттік сәулелер қатерлі ісік пен аутизмді тудырады деген ақпарат тараған. Тіпті, дәл осы мобильді интернет коронавирустың жайылуына ықпал етті деген мәлімет те болды. Бірақ бұл қауесеттерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоққа шығарды.

«Біздің компанияға шағымдар келіп түсіп жатады. Жақында «Үйіміздің жанына 5G мұнарасын орнатыпсыздар. Содан бүкіл отбасымызбен ауырып қалдық. Үш балам мен үйдегі қариямыз өзін жайсыз сезініп жатыр» деген хат келді. Кейіннен ол үйде мұнара қойылмаған болып шықты. Тұрғындардың мұндай қате пікіріне әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат себеп болған сияқты», – деді ұялы байланыс компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің директоры Евгения Бекболатова.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі өткен аптада екі қалада 5G желісі тестілеуден өтіп жатқанын хабарлаған еді. Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында сынақтардың жақсы нәтиже көрсеткенін жазды. Айта кетсек, сынақ кезеңі 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир