«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді». Алматыда академик, экономист-ғалым Кенжеғали Сағадиевке арналған мемориалдық тақта мен ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Еліміздің білім-ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосқан, белгілі мемлекет және көрнекті қоғам қайраткерінің тақтасы Төлебаев көшесіндегі 139 үйдің қабырғасына ілінді. Ал, жазу үстелінің жанында тұрған мүсіні халықаралық бизнес университетінің алдынан бой көтерді. Ашылу салтанатына академиктің жақындары мен туыстары, замандастары және зиялы қауым өкілдері келді. Ескірмес естеліктерімен бөлісіп, ғалымды сағынышпен еске алды.
Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген. Ол - экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Оның еңбек жолының негізгі бөлігі ғылыми-педагогикалық, ағартушылық саламен тікелей байланысты. 150-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген.
«Біздің қоғамымыздың көрнекті тұлғасы. Ең бірінші ол кісі білім саласында танылған тұлға. Білімге мол еңбек сіңірді. Бірнеше университеттің ректоры болды. Тәрбиеші болды, ұстаз болды. Ғылым докторы, академик болды. Соның өзі, әсіресе, жас ұрпаққа өнеге. Кенжеғали Әбенұлы адами тұрғыда өте бауырмал, адамға қай уақытта болса да қол ұшын беретін қайырымды тұлға еді», – деді Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.
Кенжеғали Әбенұлы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясына және Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіне басшылық жасады. Замандастары оны жаңашыл реформатор әрі білікті ректор деп бағалайды. Сондай-ақ, ол Парламент Мәжілісінің ІІІ және IV шақырылымдарының депутаты болды. Еліміздің заңнамасын жетілдіруге елеулі үлес қосты. Жемісті еңбек жолымен қатар өнегелі отбасының үлгілі отағасы бола білді. Артында төрт ұлы, он немересі мен төрт шөбересі қалды.
«Кенжеғалимен 60 жылдан артық өмір сүріп келе жатырмын. Қандай адам болғаны туралы мен кітап жаздым. Ол іскер, еңбекқор, отбасына өте жайлы адам болды. Өмірде біз 60 жылдан артық өмір сүрдік. Біз бір-бірімізбен ренжісіп көрмедік», – деді К. Сағадиевтың жары Нағытай Әбітайқызы.
Халқымыздың біртуар азаматы осыдан бір жыл бұрын 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен академиктің құрметіне Нұр-Сұлтан , Қостанай қалалаларында да ескерткіш тақтайшалар орнатылған.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы