Су тапшылығы: Қызылорда облысында күріш алқабының көлемі қысқарды

Almaty.tv
Almaty.tv
Аймақтағы «Сол жаға» магистралды каналына су бөлу басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Қызылорда облысында күріш алқабының көлемі бес мың гектарға қысқарады. «Өнім азайып, кіріс тоқтайды», деп дабыл қаққан шаруалар су тапшылығының алдын алу үшін іске кіріскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күріш көлемін қысқартуға бірден-бір себеп – жыл өткен сайын Сырдария өзеніндегі судың сарқылуы. Бүгінде мұндағы су көлемі едәуір азайған. Ал көктем шыға тіршілік нәрінен тарығатын шаруалардан қазірден-ақ маза кетті. Өйткені егін егер аумақ азайса, шаруалардың да өнімі азаяды, табысы қысқарады.

– «Шардара» су қоймасына секундына 645 текше метр су түседі. Төменгі ағысқа 200 текше метр су жіберілуде. Оның 100 текше метрі «Көксарай» су реттегішіне жиналып, 100 текше метрі Қызылорда облысына жіберілуде. Арыспен қосқанды «Көктөбе» су бекетіне, яғни Қызылорда облысына секундына 180 текше метр су келіп түседі, – деді  «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов.

Топыраққа түскен тұқым дүкен сөресіне жеткенше диқандар белуардан бейнет кешетіні белгілі. Суды аз тұтынатын сорттарды таңдау – тығырықтан шығатын тағы бір амал. Биыл Сыр диқандары украин ғалымдарымен бірлесіп, жаңа сұрыптарды жергілікті ауа райына бейімдеп жатыр. Былтыр мұндай тәжірибеден ресейлік өнім өткен. Өз кезегінде мұндай шаралар егістікті құрғақшылықтан құтқаруға сеп болады.

– Сырдария өзеніндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында 2022 жылы Үкімет резервінен бөлінген 3,6 млрд теңге қаржыға 21 каналдың 225 шақырымы тазаланса, 1 дана гидротехникалық нысан жөндеуден өткізіліп, 133 дана насос қондырғысы сатып алынды, 52 ұңғыма бұрғыланды. Бұдан бөлек облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 141 каналдың 809 шақырымы тазаланып, 321 дана гидротехникалық нысан жөндеуден өткізілді. Осының арқасында, әрине су тапшылығы сезілгенімен судан қалған егіс көлемдері болған жоқ, – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Су тапшылығы сезілсе де, былтыр Қызылорда облысында негізгі дақыл күріш 89 мың гектарға жетіп, қамбаға жарты миллион тоннадан астам өнім құйылған. Шет елге 45 мың тонна күріш экспортталғаны тағы бар. Ал биылғы меже былтырғыдан 12 пайызға аз. Аз егіннен мол өнім алу агротехникалық шараларды күшейтуге әкеп тірейді.

– Суды үнемдеуге септігін тигізетін дақылдарға көшудің бір қиыны олардың көпшілігі қолмен жасалады. Дақылдарды егуден бастап жинауға дейінгі аралықтағы мәселенің барлығын механикаландыруға көшкен жағдайда, диқандардың бетін бері қаратып, суды 2 немесе 3-4 есе аз пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов.

Аймақтағы алқаптың 60 пайызын суландыратын «Сол жаға» магистралды каналына су бөлу басталған. Тапшылықтың өнімге әсерін азайту үшін жергілікті шаруалар егісті әртараптандыруды қолға алмақ. Әрі жоспарға сай, күріш алқабының 55 пайызы лазерлік тегістеуден өтсе, тіршілік нәрін 15 процентке дейін үнемдеуге мүмкіндік туады.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылордадан

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны екі есе арттыру қажет

Новости партнеров