Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова кеншілердің зейнет жасын төмендету мәселесі қаралатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазір арнайы жұмыс тобы құрамында Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің және зиянды өндірістердегі кәсіподақтар өкілдері қамтылған. Шахтерлер зейнет жасын төмендету мәселесін көтеріп отыр. Зейнет жасын төмендетуге болады. Бірақ, зейнетақының көлемі қандай болады? Негізгі мәселе осы ғой?! Ертең ол адам 50 жаста зейнетке шығып, зейнетақысы төмен болса, онда қайтадан мәселе туындайтыны анық. Сондықтан, зейнетақы көлемін өсіруге назар аудару керек болады», - деді Т. Дүйсенова.
Соныман қатар, министр сақтандыру мәселесі де пысықталатынын айтты.
«Жалпы, осы үш-төрт бағыттың аясында зейнет жасын да, зейнетақы мөлшерін де дұрыс айқындау мәселесін шешуге тырысамыз», - деді ведомство басшысы.