|
04.10.2021 | 21:20
3963

Алматыда Ashyq-сыз жасырын жұмыс істеген дәмхана анықталды

Медеу аудандық мониторингтеу топтары соңғы аптада 300-ден астам мекемені тексерді

Алматыда Ashyq-сыз жасырын жұмыс істеген дәмхана анықталды Almaty.tv

Алматыда түн ортасына дейін Ashyq қосымшасынсыз жасырын жұмыс істеген кәсіпкерлік нысаны анықталды. Дәмхана санитарлық ережелерді елемей, келушілерге қатаң түрде тыйым салынған қорқор ұсынған. Ал мамандар карантин талаптары қанша жерден жеңілдесе де, тәртіп бұзатын мекемелер саны азаймай тұрғанын алға тартады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Медеу ауданының мониторингтік тобы әдеттегідей тексеріске шығып, Сәтбаев көшесінің бойында орналасқан түнгі бардың үстінен түсті. Мекеме сағат тілі түнгі сағат 00.00-ден асса да жұмысын тоқтатпай, келушілерді шамадан тыс артық қабылдаған. Тіпті, мұнда қорқор да шегіліпті.

«Құрметті кәсіпкерлер, карантин талаптарын бұзбай, санитарлық нормаларды сақтап жұмыс істеңіздер. Қауіпті індеттің беті әлі де қайта қойған жоқ. Адамдардың денсаулығымен ойнамай, жауапкершілікпен қарайық», – деді Медеу аудандық Nur Otan партиясының өкілі Нұржан Ердембеков.

Тексеруші топ өкілдері көп ұзамай Төле би көшесінің бойында орналасқан дәмхананың да жұмысын әшкереледі. Кәсіпкерлік нысан осы уақытқа дейін Ashyq-қа қосылмай, түн ортасына дейін жасырын жұмыс істеп келген. Бас санитардың қаулысына сәйкес, мобилді қосымшасы жоқ мекемелер кешкі 21.00-ге дейін ғана адам қабылдай алады. Кейін мамандар анықталған фактілер бойынша кафе иесі мен келушілерге хаттама толтырды. 

«Медеу ауданында 4 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар күні-түні тексеріс жүргізіп, барлық мекемені бақылауда ұстап отыр. Әсіресе, маска режимі, арқашықтық, мерекелік жиындар мен санитарлық талаптардың сақталуы қатаң тексеріледі», – деді Медеу аудандық Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арман Сапаров.

Айта кетейік, Медеу аудандық мониторингтеу топтары соңғы аптада 300-ден астам мекемеде тексеріс жүргізіп, 13 заңды тұлғаға хаттама толтырған.

Мерей Қанапиянов, Сағынтай Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир