Еліміздің 4 өңірінде ауыл халқын ауыз сумен қамту деңгейі төмен. Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында су тапшылығы бар деген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 50 ауылдағы су құбырын кеңету үшін бюджеттен 40 млрд теңге қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар министр суды тиімді пайдалануда халықты ынталандыру керек деп отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жергілікті жерлердегі атқарушы органдардың бірлескен және өзара келіскен жұмысына байланысты. Әкімдіктер халықты сумен 100% қамтамасыз ету үшін 2023 жылға дейін жобалау-сметалық құжаттаманы сапалы әзірлеуі және гидрогеологиялық жұмыстарды аяқтауы, халқы аз ауылдарда кешенді блок-модульдер орнатуды жеделдетуі қажет», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Сонымен қатар Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елдегі мұғалім даярлайтын 86 университеттің 36-сы лицензиясынан айырылғанын айтты. Ал 2025 жылға қарай студенттердің стипендиясы тағы екі есеге өсіп, гранттар саны 75 мың болатынын жеткізді.
«Мысалы, мұғалімдерді мұның алдында 86 университет дайындаса және сапасы бойынша көп сұрақтар туындаса, енді педагогтерді тек 50 оқу орыны ғана дайындайды. Яғни, тек осы бағыт бойынша ғана 36 университеттің лицензиясы қайтарып алынды. Ары қарай осы жұмысты жалғастырамыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.