Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығында тарихи тұлғаға қатысты тағы бір құнды жәдігер мұражайға тарту етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шолпан Ахметқызы әкесінің көзіндей сақтаған күйсандық әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің төрінен орын тапты. Салтанатты түрде тұсаукесер рәсімі өтіп, жиынға қатысқан ұлт ұстазының немересі Айман Байсалова қасына жастарды жиып, сый-тартуын табыстады.
«Ахмет Байтұрсынұлының атынан берілген экспонат ретінде студенттерге бердім», – деді А. Байтұрсынұлының немересі Айман Байсалова.
«Осы күйсандықты жастарға, соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға тартуды өзі мақсат еткен. Біз тек қана соны орындаушымыз», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Анаркүл Салқынбай.
Еліміздің маңдайалды университетінде ұйымдастырылған іс-шарада Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері енген жаңа жинақтар да назарға ұсынылды. Ахметтанушылар ұлт зиялысының мұрасы әлі де зерттеліп жатқанын айтты.