БҚО-да шаруалар киік санының шектен тыс көбейіп кеткеніне байланысты төтенше жағдай енгізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаруалардың жұмысы таң бозынан басталады. Содан қас қарайғанға дейін алқапты қорумен жүреді. «Биыл сайын дала сұлуларының саны екі есе өсті» деп отыр диқандар.
– Күніне екі уақыт егін қорғаймыз. Маусым айынан басталды. Мына жерде 2000-3000 мың киік жүр. Күніне 200 км жүрем, – деді шаруа қожалығының жұмысшысы Мұратбек Хасенов.
Бұл маусымда Сарыарқа төріне киік көп келген. Сайын дала сұлуларының көбеюі шаруаларды әлекке салып отыр. Көктемде қыруар күш салып еккен егіндері ақбөкендерге азық болып отыр. Олар ала жаздай алқапты күзетіп шаршағанын айтады. Ал амалдамаса, күзде шығынға батуы мүмкін.
– Біз егістіктен қорысақ, көрші алқапқа барады. Олар кері біз жаққа қориды. Осылай ары-бері жібереміз. Басқа амал жоқ. Биыл өнімнің әр гектарынан 15 центнерден аламыз ба деп ойлап едік. Енді киік таптаған соң 5 центнерге түсті. Ешкім шығынды өтемейді, – деді шаруа қожалығының агрономы Аслан Сипульдин.
Киіктің күрт көбеюі биыл бірқатар өңір шаруаларын әбігерге салды. Батыста жайылым мен шабындық оталған соң диқандар төтенше жағдай енгізуді талап етті. Өңірде шөптің шығымы да ойдағыдай емес.
– Мамыр айының соңында бізде сарапшылар келді. Олар бетпақдала және Орал популяциясын қарады, тексерді. Тиісті сараптама жасады. Соның негізінде бізде қазіргі таңда ғылыми институттар тиісті негіздеме дайындап жатыр, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.
Дабыл қаққан шаруалар мәселесін биыл да министрлік шешпейтін көрінеді. «Ғылыми зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр» деді сала министрі. Айта кетсек, 2021 жылы ел Үкіметі ақбөкендерді атуға тыйым салды. Нәтижесінде жыл сайын киіктердің саны орта есеппен 40 пайызға өсіп келеді. Биыл да биресми ақпар бойынша сайын дала сұлуларының саны 2 млн-ға жетіп қалды деген болжам бар.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы Ақмола облысы