Атакәсіп - ұрпаққа нәсіп: 300 жыл бұрын кеншілікті бастаған әулеттің бірлігі бекем

elements.envato.com
elements.envato.com
Ұлытау облысында еңбектің шыңына шыққан жандар тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысында үш ғасырлық еңбек өтілі бар шахтерлер әулеті тұрады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Атадан балаға жеткен кен игеру ісінің қыр-сырын меңгергендер бүгінде шөбере-шөпшекті де осы салаға икемдеген. Кен игеру саласындағы еңбек жолы шамамен 300 жыл бұрын басталған әулеттің бірі Сәтбаев қаласында тұрады. 35 жыл шахтада еңбек еткен Ермекбай Байбатыровтан тараған 9 баланың барлығы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырғандар. Әулеттің үлкені - Байбатыров Ибадулла әке жолын қуып, саналы ғұмырын кен өндіріп, ел экономикасын дамытуға арнады. 45 жыл кенші болған ол, өзінің бауырлары мен балаларын да осы бағытқа жетелеп, тәрбиелеген.

- Біздің әкеміз сол кеніште еңбекті ұйымдастыру бөлімінде жұмыс істеді, қолынан келген көмекті сол төртінші халқына жұмсады. Кеніште істейтін азаматтарға жол сілтеумен, үйретумен кеншілер қатарын толықтырып отырды. Біздің Байбатыровтың еңбек өтілінің өзі 300 жылдан асып жығылады. Әлі де жалғастырып жатырмыз. Әкемізден кейін біз істедік, бізден кейін балаларымыз, немерелеріміз істеді, енді шөберелеріміз жалғастырады деп күтеміз, - дейді еңбек ардагері Ибадулла Байбатыров.

Кеншілер династиясын жалғаған әулеттің балалары да ел алдында да зор беделге ие. Үш ұрпақты жалғай кеншіліктің қыр-сырын меңгергендер ата жолды сақтағандарын мақтаныш етеді. Олардың қатарында Бірлік Ермекбаев та бар.

- Біздің жұмыс ауыр болғанымен, соған татиды. Негізгі жұмысымыз - қазба байлықты қопарып рудаға апару. Біз қопарып береміз, бізден кейін басқа кеншілер жұмыс атқарады. Жалпы біздің жұмыс уақытымыз - күндізгі 3 күн және түнгі ауысым, - дейді №67 Батыс Жезқазған кенішінің ұңғылаушысы Бірлік Ермекбаев.

Үнемі естілетін тарс-тұрс дауыс, «бұлттай» болып ұйып қалған шаң. Кеншінің еңбек орны осындай. Алайда олар қандай жағдай болмасын қайсарлықпен бағындырып, еңбектің шыңына шыққан жандар. Байбатыровтар әулетінің мүшелері де осы қатарда.

- Біздің шахтада Байбатыровтар әулетінің немересі Бірлік Ермекбаев деген маманымыз аттырушы болып жұмыс істейді. Өте еңбекқор жігіт. Кеншілерді мерекесімен құттықтаймын. Отбасына амандық тілеймін, - дейді Проходка бөлімшесі бастығының орынбасары Бауыржан Алтайұлы.

Бүгінде аталған Батыс Жезқазған кенішінде 838 адам еңбек етсе, солардың көмегімен жылына 3 млн 285 мың тонна кен өндіріледі екен. Ал жалпы бұл корпорацияда 40 мыңға жуық кенші еңбек етеді.  

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы.

Оқи отырыңыз: Оңтайлы тәсіл: қызылордалық шаруалар алқап суғаратын жаңа технологияны меңгеруде


Новости партнеров