|
22.04.2021 | 15:32
1529

Нәубет жылдары қазақ топырағында өсіп-өнген Нина әжей ұлттық ғұрыпты ұмытпақ емес

Украина жерінде туып, Қазақстанға 1941 жылы, 4 жасында қоныс аударыпты

Нәубет жылдары қазақ топырағында өсіп-өнген Нина әжей ұлттық ғұрыпты ұмытпақ емес

«Айналып кетейін, Қазақстан халқынан!». Нәубет жылдары қазақ топырағында өсіп-өніп, бар ғұмырын бір нанды бөле жеген ұлтқа арнаған Нина әжей осылай дейді. Германия жерінде соғым сойып, бауырсақ пісірген, құрт жасап, ірімшік қайнатқан әжейге қалай разы болмайсың? Оффенбахтан қазақ еліне арнайы сәлем жолдаған кейіпкерімізбен Almaty.tv тілшісі тілдескен еді.

Елді есіне алып, елжіреп отырған бұл әжей Миних Нина Даниловна. Украина жерінде туып, Қазақстанға 1941 жылы, 4 жасында қоныс аударыпты. Еңбекпен ерте есейген неміс қызы көппен бірге колхозда, қой қырқу мен сауыншылықта, тың игеру науқанында тер төккен. Болмысынан қазақылықтың иісі аңқып тұрған апамыз шетте жүрсе де, ұлттық ғұрыпты ұмытпақ емес. Ал, Франкфурттағы Қазақстанның Бас Консулдығы әр басқосуда Нина әжейдің бауырсағын асыға күтеді екен.

«Бұрынғыдай, ауылдағыдай кесемен шай ішеміз. Сүтті шай. Соғым соямыз. Балалар барып, жылқы сойып әкеледі. Іш май жасаймыз соғым сойған күні. Ет асамыз, одан қалса балалар шұжық жасайды. Қазы айналдырамыз», – деді Франкфурт қаласының тұрғыны Нина Миних.

Қазақстанда 56 жыл тұрған Нина әжей 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, өсірген. Олар да біздің елде білім алып, оқуын аяқтаған. Ана сүтімен тілді, болмысты бойға таратқан әженің 2 қызы бір үйге, қазақ отбасына келін боп түскен екен. Бүгінде әзиз-ана мәуелі ағаштай немере-шөберелерін бағып, қазақтың қара шаңырағындай, үлкен әулетіндей болып отыр.

«Әнші болу бала арманым еді» деген кейіпкеріміз «Бағила қыз» әнін осылай шырқап берді. Елде жүргенде түрлі өнер фестивальдеріне қатысқан сары қыз бірқатар халық әнін әлі де еркін шырқап отыр. Ал мына бір қос жылқы мен қазақы дастархан – әжейдің төрінде ілулі тұрған картиналар. Құрақ көрпесін төсеп, дастарханын жайып отырған апамыз әңгіме соңында ата салтымен ақ тілегін жаудырып, батасын берді.

Нина әжей Германияға қоныс аударып, араға уақыт салып елге қыдырып келгенінде тізерлей кетіп, жерді сүйген екен. Әңгіме барысында қазақтың бауырмалдығын, қонақжайлылығы мен тектілігін бірнеше мәрте қайталай айтқан әзиз анаға денсаулық тілеп, көрісуге, тілдесуге асық екенімізді жеткіздік.

Мадина Оқас, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир