Елімізде соңғы жылдары адам саудасы көбейіп жатыр. Соның алдын алу мақсатында «Родник» қоғамдық қоры полициямен бірлесіп теміржол вокзалында жолаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандардың айтуынша, адам саудасымен айналысатындар пойыздарда жиі кездеседі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Анықталғандай, көпшілігі адамды еркінен тыс күштеп алып бара жатқан жағдайдың куәсі болса не істеп, кімге хабарласу керек екенін білмейтін болып шықты. Сондықтан да жолаушылар осындай шара ұйымдастырған қызметкерлерге өз алғысын білдірді.
«Қазір шынында өмірде болып жатыр. Енді Құдай теріс қылсын. Болмай-ақ та қойсын. Болған жағдайда тиісті органдарға хабарлаймыз. Қазір мынадай қағаздар беріп жатыр енді. Осыны көріп алдағы уақытта әрекет жасаймыз», – деді жолаушы Бибісара Бабаханова.
Статистикаға сүйенетін болсақ, аталмыш қор 2020 жылдан бүгінге дейін құлдықтың құрбаны болған 62 адамға көмек көрсеткен. Сондықтан мамандар мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.
«Біздің орталықтан 2006 жылдан бері бүгінге дейін 576 адам көмек алды. Бұл біздің Алматы үшін үлкен сан ба, кіші сан ба ,оны әркім өз ойынша ойлайды. Менің ойымша, ол үлкен цифр», – деді «Родник» қоғамдық қорының үйлестірушісі Ғазиза Жайсанбаева.
«Бұл іс-шараның мақсаты адам саудасына ұшыраған адамдарды қалай анықтауға болады және қайда хабарласу керек, сол бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді полиция инспекторы Жазира Арынова.