Бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде тараған даулы бейнедегі Талдықорған қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлеріне қатысты қандай жаза қолданылатыны белгілі болды. Талдықорған қаласы әкімі баспасөз хатшысының мәлімдемесіне сәйкес, қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбековаға өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін «қатаң сөгіс» берілді. Ал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мейір Нұрғалиевті жұмыстан босату туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ қаланың кәсіпкерлік бөлім басшысы Нұрбол Қалиахметовке «қызметке толық сәйкес еместігі» түріндегі тәртіптік жаза қолданылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске сала кетейік, осыған дейін әлеуметтік желілерде жергілікті билік өкілдерінің карантиндік шектеулерге қарамастан түн ортасында тойлап жүрген видеосы тараған еді. Одан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкері мас күйінде көлік тізгіндеп, тіпті жұбайына қол жұмсап жатқаны да түсіп қалған.
«Бірыңғай тәртіптік комиссия Талдықорған қаласы әкіміне қолданылатын жаза туралы ұсынысын жеткізді. Ол ұсынысты қала әкімі Ержан Бәкірбаейұлы Жасыбаев толық қабылдады. Бұл шара біздің толық бақылауымызда»,– деді Талдықорған қаласы әкімінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы.